Оның негізгі көзі – Ресей аймағынан келетін су
Жайық өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты Қазгидромет мамандары ескерту жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Оралға Сақмар өзені қосылады, сол жақтан, бізден Ілек өзендері барады. Сол себепті келесі аптада Оралда үлкен су келуі күтіліп отыр. Осы аптаның аяғында басталуы мүмкін, қазірдің өзінде Жайық өзеніндегі судың деңгейі көтеріліп жатыр», – деді Қазгидромет өкілі.
Мамандардың айтуынша, Батыс Қазақстан облысында су тасқындарының екінші кезеңі басталады. Оның негізгі көзі – Ресей аймағынан келетін су. Өйткені сондағы бір қоймаға келетін судың мөлшері күрт көбейеді. Қазір судың деңгейін түсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Басқа өңірлерде су тасқынына қатысты жағдай тұрақтануда.
«Ағымдағы су тасқындары Ақтөбе облысында төмендеп жатыр. Сондай-ақ Қарағанды облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Қостанай облысының оңтүстігінде де төмендеп жатыр. Аладағы уақыттағы су тасқындары Қостанайдың орталық және батыс бөлігінде, бір-екі күнде болады деп күтіп отырмыз», – деді Қазгидромет өкілі.