Су тасқыны ауыз су сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін
Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен қала және аудан әкімдерінің, сондай-ақ тиісті басқармалардың қатысуымен жиын өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шенеуніктер су тасқынының алдын алу және кері әсерін жоюға бағытталған шараларды талқылады. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Су тасқыны ауыз су сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.
«Ауыз сумен жабдықтау объектілерінде және кәріз жүйелерінде суды тазарту және дезинфекциялаудың технологиялық режимін сақтау үшін дезинфекциялау құралдарының жеткілікті мөлшерін қамтамасыз ету қажет. Баламалы сумен жабдықтау және сумен қамтамасыз ету схемасын қарастырып, қажет болған жағдайда әлеуметтік маңызы бар нысандар мен халықты сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру керек», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары су тасқыны қаупі бар аймақтарда су жинағыштарды, орталықтандырылмаған су көздерін, зираттарды, мал қорымдарын, оның ішінде сібір жарасы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары мен химиялық қауіпті қалдықтарды бөгеу, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Елді мекендерді, сондай-ақ осы объектілерге апаратын жолдарды тазартуды тапсырды. Алдын алу шаралары эпидемиологиялық маңызды объектілерді су басуын болдырмауға көмектеседі.
Сонымен қатар су басу қаупі бар қалалар мен аудандарда жағалауды бекіту, бөгеттерді салу, өзен арналарын, бұлақтарын тазалау, айналма каналдар мен топырақ бөгеттерді салу жұмыстары жалғасуда. Мамандар тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істейді.