Құлсарыдан Атырауға адамдарды тегін тасымалдап жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Жылыой ауданында Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілген болатын

Скриншоттар

Атырау облысында су тасқыны қаупі бар аймақтан 400-ге жуық адам жолаушылар пойызымен шығарылды. Жолаушылардың арасында 99 бала бар, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Естеріңізге сала кетейік, су тасқыны салдарынан Құлсары-Доссор учаскесінде көлік құралдарының қозғалысы толығымен тоқтатылған болатын. Осыған байланысты ұлттық тасымалдаушы өңір тұрғындарын эвакуациялау үшін жолаушылар пойызын жіберу туралы шешім қабылдады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ халықты тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында Құлсары станциясынан Атырауға дейін жолаушылар пойызы тағайындалды. Жолаушыларға жол жүру құны тегін болды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Жылыой ауданында Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілген болатын. 

Құлсары қаласындағы көпір уақытша жабылды.

Сонымен қатар Атырау облысының тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланған еді.