«Қошқармүйіздің» обалына қалып жүрміз: Алматыға Моңғолиядан келген қандасымыз ұлттық киімдерді ұлықтап отыр

Qaz365.kz редакциясы

Ол ұтынушылармен тікелей жұмыс істеп отырғанын айтады

Алматылық қолөнер тігіншісі Мейрамгүл Хараршашқызы әпкесімен бірге жеке шеберхана ашып, қазақ мәдениетін сырт елдерге де танытып жүр. Ол бүгінде ұлттық киімдерімізді заман талабына сай безендіреміз деп, ою-өрнектеріміздің мән-мағынасына үңілмейтінімізді айтады. Кейіпкеріміздің Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында қолөнер саласының қиындығы мен қызығын, бүгінгі қазақ қыздарының тәрибиесіне қатысты пікір білдірді.

Мейрамгүл Харашашқызы - Моңғолия  ресбуликасының Баян-Өлгей аймағының Бұлғын ауданындағы Ёлт ауылында  1996 жылдың ақпан айының 10 жұлдызында дүниеге келген. Ата-анасының 9 ұлы мен 3 қыздан кейінгі сүт кенжесі. Қарапайым ғана ауыл қазағының тұрғындары екен. 

«2022 жылы  әке-шешеміз де атажұртқа қоныс аударды. Әкем Харашаш Көңбайұлы қолөнер бұйымы бойынша  «Моңғолия республикасының Мәдениет саласының үздігі» ал, анам  қол кесте мен сырмақ тігудің  өз шебері. Олар мені кішкентайымнан  қол өнерге баулып өсірді. 2013 жыл  Бұлғында 11 жылдық орта мектепті тәмамдаған соң, Алматыдағы «Сымбат» дизайн және технологиялық институтына модельер-конструктор мамандығы бойынша бітірдім», - дейді ол.

Мейрамгүлдың айтуынша, бастапқы кезде кәсібін қыз жасауы мен құрақ көрпелерді тігуден бастаған.

«Тігіншіліқ пен қол өнер жалпы ата-анамнан дарыған талант қой. Бала кезімде инемен кестені және сырмақ тігуді үйретті. 2017 жылы оқуымды аяқтаған соң,  үйде жүріп тігін тіктім. Әртүрлі затқа тапсырыстар алып,  2019 жылы тікелей қыз жасауына кірістік. 2020 жылы әпкем Гүлденнің  қолдауымен, екеуміз «Ақжібек» атты тігін шеберханасын аштық.  Осында 2022 жылдан бері қыз жасауынан бөлек, қазақы нақыштағы заманауи үлгідегі  күртешелерді де тігіп келеміз. Қазіргі таңда өнімдеріміз Қазақстаннан өзге, Моңғолия, Қытай елдерінде де сатылымда. Біздің киімдеріміз шетелдегі қазақтардан көптеп сұранысқа ие», - дейді тәжірибелі тігінші.

Кейіпкеріміз тігіншілікті ең қиын салалардың біріне жатқызады. Сөзінше, тұтынушылармен тікелей жұмыс істеген соң, өзіндік қиындықтары да бар.

«Әр істі бастағанда өзінің қиындықтары болады ғой. Әсіресе, тұтынушылармен жұмыс ітеу өте қиын. Тапсырыс берушінің де талаптары болады. Біз мектеп оқушыларына тапсырыс дайындағанда келеңсіз жағдайларға жиі тап боламыз. Ата-аналар «сен тігіншісін неге былай емес» деп орынсыз балағатап, кейде ақшасын төлегісі келмейтін жайттар да бар. 30 балаға киім тігіп, соның біреуіне размері тура келмесе қарғап-сілеп, аузына келгенді айтады. Кейде түсінігі бар адамдар баланы қайта әкеліп, размерін өлшетіп жасатады. Қазір мата мәселесі де үлкен қиыншылық туғызуда. Маталар Қазақстанда өндірілмеген соң, Қырғызстан мен Түркия елдерінен алдырамыз. Кейде уақытылы тапсырысымыз келмей, жұмысымыздың тоқтап та қалады. Көбінесе бізге көктем мен күз маусымдарында тапсырыстар жиі түседі дейді», - қандасымыз.   

Жұмыста әртүрлі қиындықтары болса да, бүгінде апалы-сіңілі тігіншілер 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Қазіргі кезде онға тарта шәкірттерім де бар. Жергілікті тігіншілерге қарағанда, бізде көбінесе қазақилығымыз басымырақ. Байқағаным көбісі қазақтың ұлттық оюларын, киімге және сырмақ пен төр көрпеге арналғандарын айыра білмейді екен. Білмеген соң, төр көрпені алашаның үстіне киіп жүрміз. Жергілікті тігіншілер батыс киімдерін өте жоғары дәрежеде тігеді. Бірақ та қазақ киіміне келгенде, көптеген ою-өрнектің мағынасына терең үңілмейді. Бізге әке-шешеміз боймызға әр ою-өрнектің мағынасын жіті түсіндіріп, қазақы салт-дәстүрлер мен ұлтық құндылықтарымызды бойымызға сіңіріп өсті», - дейді 13 перзенттің кенжесі.

Қолөнерші сандық пен құрақ көрпеге арналған оюларды мүмкіндігінше түсіндіруге тырысатындығын айтып өтті. Бірақ та тапсырыс берушілерге мән мағынасын жеткізсе де, құрақ көрпеге арналған оюларды таңдайды екен.

«Қазіргі кезде Қазақстан мен Моңғолиядан тапсырысымыз өте көп. Шет мемлекетте оқитын студенттеріміз көптеп тапсырыс береді. Кейде блогерлерден тапсырыстар түседі. Үлкен кісілер шапанға да тапсырыс береді. Біздің күнделікті он тігіншіміз  бес күртеше мен төр көрпені дайындайды. Шеберханадан бөлек, «Арлан» сауда орталығында дүкеніміз де бар. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы да сатамыз. Бізден көтерме бағада алып, сататын серіктестеріміз де бар», - дейді сұхбат беруші.

Ұлттық киімдерімізбен заман талабына сай ұмтылсақ та, мән-мағынасына үңілмей оңды-солды қолданып жүргенімізді тілге тиек етеді.

«Бүгінде «қошқармүйіздің» обалына қалып жүрміз. Билығы жылы оқушыларды ұлтық нақышта киіндіреміз деп, барлығына дерлік алаша кигіздіріп қойдық. Ата-ана мен ұстаздарға түсіндрсек, құрақ араласқан төрт бұрышты оюдың ұнайтынын айтып қоймайды. Ол төрт бұрышты крест оюды киімге пайдалануға болмайды ғой. Ою-өрнекті ретімен пайдаланатын өз орны бар. Әйелдің киіміне қолданылатын  оюды ер адамға, ердікін әйелге және шалбарға пайдаланатын оюды бас киімге, бас киімдікін балаққа қолданып өрнегіміздің құның кетіріп барамыз. Тура осылай қыз балалардың бешпеті мен көйлегіне гүл тәрізді немесе қанатты қарлығаш секілді өрнектер бейнеленеді. Ал, ер баланың киміне найзаның ұшы, бүркіт, қошқар мүйіз секілді өрнектер «батыр», «алғыр» болсын деген ырыммен салынады. Содан кейін ұлтық нақышта кестеленіп, әсем тас пен әшекейленіп тігілгені дұрыс. Биыл енді мектеп  оқушыларына принтпен басылған төр көрпеге арналған киім тіккізді. Ол ұлтық құндылығымызға сай емес деп білемін. Оны түсіндіріп айтсақ та,  жұрт түсіне бермейді. Өзімізді кінәлі етуге тырысады. Сондықтан да жасымызға сай ұлттық руханиятымызды жастарымыз дұрыс түсінсе екен», - дейді маман иесі.

Мейрамгүл ханым өз сөзінде уақыт ағымына қарай ұлттық құндылықтарымыздың өзгеріп бара жатқандығын жеткізеді.

«Қазіргі кезде жастарымыз жаман емес,  ұлтық құндылықтарымыз бен сауапты істерге жиі араласады. Дегенмен де кейбір жастарымызды жалқаулық жеңіл ақшаға тәрбиелеп жатыр. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады ғой. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау керек. Бүгінгі қазақ бойжеткендері – ертеңгі еріне адал жар, перзенттерінің салиқалы анасы. Сол себепті олардың бойында тағылымды тәрбие болғанын қалаймыз. Десе де бүгінгі күннің талабына сай, адами тұлғаны қалыптастырудың өлшемдері басқа. Уақыт ағымымен ұлттық құндылықтарымыз да өзгеріп барады. Қазақ халқы қай кезде де болмасын, қыз бала тәрбиесіне жіті мән берген. Олай дейтінім, мәдениеттілікті идеалға бағыттау арқылы елге сыйлы адамдардың өнегелі ісін, рухани адамгершілік мәдениетін, беделі мен мінез-құлқын, білімі мен қабілетін, қарым-қатынас мәдениетін үлгі ету арқылы қалыптастырған», - деп түйіндейді қолөнершілер әулетінің қызы.

Қадырбек ӘУЛИЕАТА