Әлихан Смайылов Шымкентті жылумен жабдықтаудағы кемшіліктерді атады

Qaz365.kz редакциясы

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Шымкентті дамыту жөніндегі кеңесте бірқатар мәселелер қаралды

primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Шымкентті дамыту жөніндегі кеңесте жаңа өнеркәсіп объектілерін іске қосу, автокөлік жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік мекемелерді салу және реконструкциялау және т. б. бірқатар мәселелер қаралды.

Бұл туралы Qaz365.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, сондай-ақ Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов және Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев түрлі салалардағы көрсеткіштер мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасында ұсынылған кең ауқымды реформаларды іске асыруға кіріскенін атап өтті.

«Онда халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға ерекше маңыз беріліп отыр. Осы міндеттерге қол жеткізу үшін егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспары әзірленіп, бекітілді», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, қала әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды, атап айтқанда жылу, электр, газ, сумен жабдықтау желілерін және т. б. жаңғыртуға басымдық беруі керек.

«Шымкент елдің оңтүстігінде орналасқаннан кейін, мұнда қақаған аяз сирек болады. Соның өзінде, қала тұрғындарының шағымдары азаймай отыр. Мысалы, «Жаңа Талап», «Тұран» шағынаудандарындағы көп қабатты үйлер жылусыз қалған. Бұған жол беруге болмайды», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы қаладағы құрылыс қарқынына оң баға берді. Атап айтқанда, соңғы екі жылда 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар Үкімет басшысы осы орайда мегаполисте көлік желісіне жүктеме артып келе жатқанын, бұл жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды едәуір жақсартуды талап ететінін, осыған байланысты жаңа мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандарды уақытылы ашу қажеттігін айтты.

«Алдағы үш жылда қалада 68 мың оқушыға арналған 54 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл Шымкенттегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге септігін тигізеді», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр экономикалық блоктың мәселелеріне тоқтала келе, әкімдікке экономиканы әртараптандыру және импортты алмастыру бойынша жоспарлы жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл жағдайда негізінен өңдеу секторына назар аудару керек. Осыған байланысты Үкімет басшысы тиімділікті арттырудың және қолданыстағы индустриялық аймақтарды кеңейтудің, сондай-ақ жаңа өндіріс алаңдарын ашудың маңыздылығын атап өтті.

«Жалпы қаланың 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық портфелі құны 2 трлн теңге болатын 283 жобаны қамтиды. Қала әкімдігі іске асырылып жатқан жобалардың мерзімінде іске қосылуын, сондай-ақ жоспарланған жобаларды пысықтауды қамтамасыз етуі қажет», — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты. Бұл – соның ішінде нарықтың қолжетімді тетіктерін қолдануға, делдалдық тізбектерді анықтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысына және аграрлық секторды дамытуға қатысты да мәселе.

Отырысты қорытындылай келе, Премьер-Министр «Сайрам» тұрғын алабын сумен қамтамасыз ету, «Тұран» шағынауданында магистральдық кәріз коллекторы мен оқушылар сарайын салу, жалпы Шымкентте жол инфрақұрылымын салуды қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жылу желілерін, сорғы станцияларын қайта жаңарту, қазандықтарды жаңғырту және «Қайнарбұлақ» тұрғын алабын газбен жабдықтау қажеттігін атап өтті.