Өзінің жазбасында Темірғалинов былапыт сөзді қолданған
Павлодарда әлеуметтік желіде билікті сынаған жазба жариялаған 57 жастағы Ақылбек Темірғалинов алты күнге қамалды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Белсендінің әкімшілік қамауға алынуына 6 сәуірде Facebook-та жариялаған жазбасы түрткі болған, онда белсенді су тасқыны Қазақстанда келесі жылы да қайталануы мүмкін деп болжаған.
Өзінің жазбасында Темірғалинов былапыт сөзді қолданған. Кейін ол жазбасын түзеген.
Алайда сот Темірғалиновті «ұсақ бұзақылық» (434-бап, 1-бөлік) жасады деп таныған.
«2024 жылдың 6 сәуірінде сағат 14:59-да А.К.Темірғалинов Көктөбе ауылындағы үйінде отырып, Facebook парақшасында жазба жариялаған. Онда ол былапыт сөз қолданып, жеке пікірін айтқан, осылайша айналасындағыларға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзған», – деді сот өкілдері.
11 сәуірде Май аудандық соты Темірғалиновті алты күнге қамады. Істі судья Г.К.Хамитова жүргізген.
Бұған дейін Темірғалинов әлеуметтік желіде бірнеше пост жариялап, биліктің су тасқынымен күрес шараларын сынап, ашықтық жетіспейтінін атап өткен.