Ол ақпарат саласына жүргізілген мониторинг барысында жалған ақпарат болып шыққан 29 факті анықталғанын айтты
Елде су тасқыны басталған кезде БАҚ өкілдеріне ескерту жасаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл жолы журналистерге алғыс айтты. Алайда министрдің алғысы бұл жолы объективті түрде жариялап жүрген БАҚ өкілдеріне бағытталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Балаева алдымен, тағы ел тұрғындарын су тасқынына қатысты расталған ақпаратқа ғана сенуге және жалған мәліметтер таратпауға шақырады.
Ол ақпарат саласына жүргізілген мониторинг барысында жалған ақпарат болып шыққан 29 факті анықталғанын хабарлайды.
«Хабарламалардың барлығы тиісті тексеруден кейін уәкілетті органдар тарапынан шынайы емес екені анықталды. Жалған ақпараттар көбіне мессенджерлер арқылы таралады. Ең көп тараған ақпараттар қатарына бөгеттердің бұзылуы, республикалық маңызы бар жолдарды су басуы, су қоймаларындағы, электр станцияларындағы және басқа да стратегиялық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары, қаражат жинау және төлеу туралы жалған мәліметтер жатады», - дейді Аида Балаева.
Халықты тек ресми және расталған ақпаратқа сенуге үндейді. Барлық күмәнді фактілерді бірнеше рет тексеріп, күмәнді хабарламаларды ары қарай таратпауды сұрайды. Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне алғысын білдіреді.
«Есіңізде болсын, барлық жалған хабарламалардың мақсаты — үрей тудыру, халықты жікке бөлу, мемлекеттік қызметтер мен волонтерлердің келісілген жұмысын ұйымдастыруды бұзу және қарапайым халықтың қайғы-қасіретін пайдаланып тез пайда табу. Сондай-ақ су тасқыны мен бұзылған өңірлерді қалпына келтіру шараларын объективті түрде жариялап жүрген БАҚ өкілдеріне арнайы алғысымды білдіргім келеді», - деді министр.