Қазақстанда бала туу көрсеткіші бойынша қай өңір алдыңғы орында

Qaz365.kz редакциясы

Өткен жылы елде қанша сәби дүниеге келді

Фото: ашық дереккөзден

2023 жылы Қазақстанда 388,4 мың сәби дүниеге келді, оның 51,6% – ұлдар, 48,4% – қыздар, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәлеметінше, 230,3 мың бала немесе туылғандардың 59% қалалық жерде туылса, қалған 158 мың бала, яғни 41% – ауылдық жерде дүниеге келген. 

Бала туудың 2023 жылы туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 19,52 құрады, 2022 жылы ол 1000 адамға шаққанда 20,57 болған. Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында (1000 тұрғынға 26,74 адам), Түркістан облысында (1000 тұрғынға 26,18 адам) және Шымкент қаласында (1000 тұрғынға 25,70 адам) байқалды.

Бала туудың негізгі үлесі 25-29 аралығындағы әйелдерге тиесілі – 29%, 30-34 жас аралығындағыларда – 26%. 20 жасқа дейінгі әйелдер өткен жылы 12,6 мың бала, 50 жастан асқандар 96 баланы дүниеге алып келген. Бұл ретте ананың орташа жасы 2023 жылы 29,7 жасты құрады.

«Жиынтық коэффициенті (ТЖК) – республика бойынша 2023 жылы бүкіл репродуктивті кезең ішінде (15-49 жас) орта есеппен бір әйелден туған балалардың саны 2,96 (2022ж. – 3,05) құрады, қалалық жерде – 2,63 (2022ж. – 2,76), ауылдық жерде – 3,59 (2022ж. – 3,59)», – делінген хабарламада.

Өңірлік бөліністе ТЖК ең жоғары деңгейі Түркістан (4,39), Маңғыстау (3,99) облыстарында, ал ең төменгі деңгей – Солтүстік Қазақстан облысында (1,82) тіркелді.

Туылған балалардың 23% – 90,7 мыңы отбасында екінші бала боп туған, отбасында сегізінші бала болғандардың саны 1 мыңнан астам.

Былтыр дүниеге келген егіздер саны 4 075 (2022 ж. – 4 063) құрады, үшемдер – 48 (2022 ж. – 50), төртем – 1.