Пандемия кезіндегі және одан кейінгі мәселелерді шешудің жолдары
Бүгін Түркістан қаласында «Қазақ Анестезиологтар мен Реаниматологтар» қоғамының VII конгресі өтіп жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған жиында медицина саласындағы соңғы жетістіктер мен инновациялар талқылануда. Және де оған еліміздің түкпір-түкпірінен және бүкіл әлемнен анестезиология мен реаниматология саласының жетекші мамандарды қатысуда. Біз солардың ішінен білікті мамандарды сөзге тартқан едік. Солардың бірі Абай облысындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасының реанимация, қарқынды емдеу және анестезиология бөлімінің меңгерушісі Дәулет Төкенов, деп хабарлайды Qaz365.kz.
– Жаңадан құрылған Абай облысынан киелі Түркістанға Жедел жәрдем ауруханасынан реаниматолог, анестезиологтар болып үш маман болып келдік. Бүгін мұнда біз әрқайсымыз өз саламыз бойынша баяндама оқимыз.
– Қандай тақырыпта?
– Мәселен, панедемия кезіндегі және одан кейін мәселелерді шешудің жолдары деген тақырыпта. Бұл тақырып бойынша біз патент алғанбыз. Өздеріңіз де көріп-білім жүрген шығарсыздар, коронавирус арамыздан көп адамды алып кетті. Қала берді, одан аман қалса да, адамдардың көбінің денсаулығын күйретіп кетті деуге болады. Яғни, адамдар аурудан жазылғанымен, салдары көбінде қалып қойған. Паникалық қорқыныш, үнемі бір жақтан келіп ауру дендеп алатындай үрейде жүру деген құбылыс пайда болған. Тіпті, сол постпандемиялық кезеңде үйінен шыға алмай, шықса ауру жұқтыратындай, көшеге қабаттап маска тағып, келген соң қолын, денесін жуа беретін әдет пайда болған адамдар бар.
Нақты бір аурулар белең алды. Соның бірі – инфаркт пен инсульт. Бұрын оған сирек адамдар, жасы келген қарт кісілер ұшыраса, қазір ол дерт көбейіп әрі жасарып кеткен. Жалғыз Шығыс Қазақстан, Абай облысы ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша осындай жағдайлар байқалады.
Одан кейін әйелдер арасында жүктілік кезінде қан тамырда тромбтың пайда болуы өте жиі ұшырасатын болып кетті. Іштегі сәбилердің шетінеуі, түсініксіз жағдайда өлі туылуы. Жап-жақсы босанып, бірақ артынан анасының жағдайы күрт нашарлап кетуі сияқты құбылыстарды өздеріңіз жаңалықтардан оқып-біліп жатқан шығарсыздар. Міне, осының бәрі - сол постпандемиялық кезеңнің көрінісі.
– Жалпы, бүгінгі Конгреске оралайықшы, мақсаты не? Нақты бір пайдасы бар ма?
– Аталған Конгресс өте жақсы ұйымдастырылған. Түркістан қаласында өтуінің өзі бізді қуантты. Өте әдемі, таза қала екен. Ал енді нақты пайдасына келсек, мұндай бір басқосу бұрыннан бір керек боп жүрген. Себебі анестезиология мен реаниматология саласында проблема өте көп. Олар қай кезде де болған, бола да береді. Өйткені бұл - медицинаның алдыңғы шебіндегі сала ғой бұл. Тура бір майданда жауға қарсы атой сала ұмтылатын жауынгер секілді, науқастың жаны алқымға тірелгенде тікелей адам өміріне араша түсіп, ажал аузынан алып қалу міндеті бізге жүктелген. Операция кезінде ауырсынуды басу, тіпті кейде ес-түсін білмей комада жатқан науқастарды емдейтін сала болғаннан кейін мәселе шаш-етектен деуге болады.
Бұдан да бөлек өз саламызда бұрыннан келе жатқан мамандар тапшылығы, науқастардың жанын сақтап қалуға, сосын оларды оңалтуға қажет аппаратуралардың жетіспеушілігі секілді мәселелерді шешуде тап осындай медициналық жиындардың пайдасы өте көп. Бір-бірімізбен танысып, осы жерде заманға сай түрлі құрылғыларды көріп, соларды ұсынатын фирмалармен келісімге отырып, көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Әсіресе, жұмысқа енді кіріп жатқан жастарға осындай шараларға келіп, қатысып, көрудің өзі – үлкен тәжірибе. Қала берді еліміздің беткеұстар кәсіби сақа мамандары бір-бірімен осындайда жүзбе-жүз танысады. Ортада әріптестік байланыс орнайды. Алматы мен Астанада жүрген дәрігерлерге бәлкім көп нәрсе таңсық емес шығар, алайда аймақтарда, шет жақтарда жүрген мамандар үшін бұл – мол азық. Түрлі медициналық құрал-жабдықтардың заманауи үлгісімен танысып, өзі қызмет ететін жерлерге ұсынып, науқастарға жету жағын қамтамасыз етуге қандай таптырмас мүмкіндік.
– Сұхбатыңызға рахмет!