Алматыда мектеп оқушыларының әкелері мен ұстаздарының арасында волейбол турнирі өтті

Qaz365.kz редакциясы

Турнирдің мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау

Алматыдағы Сүлейман Демирел атындағы мектеп-интернат-колледжінде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай волейболдан дәстүрлі турнир жалғасын тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жарысқа «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорына қатысты мектептерде білім алушылардың әкелері, мұғалімдері мен ардагерлер қатысты. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау. 

«Президент Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында «Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз деп айтқан болатын. Біз осы ретте жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек деген қағидаларын жүзеге асыруды мақсат еттік», – дейді ұйымдастырушылар.

Турнирге барлығы 14 команда қатысты:
1. «Алқыз» әкелері
2. «Алқыз» ардагерлері
3. «Ақсай» әкелері
4. «Ақсай» ардагерлері
5. «Есік» әкелері
6. «Арсат» ардагерлері
7. №202-мектеп әкелері
8. «СДЛ» әкелері
9. ⁠ «СДЛ» ардагерлері
10. ⁠«СДЛ» ұстаз ағайлары
11.⁠ «СДУ»  ұстаз ағайлары
12. ⁠ «Талдықорған» әкелері
13. ⁠«Талдықорған» ардагерлері 
14. ⁠ «Талдықорған» ұстаз ағайлары

Турнир нәтижелері:
І орын  - «Алқыз» ардагерлері
ІІ орын – «Арсат» ардагерлері
ІІІ орын – ⁠«Талдықорған» ардагерлері 
ІІІ орын – «Ақсай» әкелері.

«Қазақстан ынтымақтастық бірлік күніне арналған жарыс өз деңгейінде өтті. Президентіміздің дені саудың жаны сау, халқының еңсесі биік, бірлігі мен татулығы мықты ел екеінмізді білдіреді деп айтқаны бар. Мұның бәрі мемлекет басшысының осындай іс-шараларды қолдайтындығының айқын айғағы. Осы жарыс ұйымдастыру аясында Сүлейман Демирел оқу орнына, ұжымына алғыс білдіреміз. Бәріміз бір атаның баласындай қатысып, жақсы әсермен, жан алысып, жан берісіп тартысты ойын көрсетік. Тер төктік. Жан жақтан келген спорт десе ішкен асын жерге қоятын командалар келді. Бәрінің көңіл күйі жоғары», - дейді жарысқа қатысушы ата-аналардың бірі Досбол Шалқар. 
 

Турнирді өткізудегі мақсат ата аналар және мұғалімдер арасындағы достық, ынтымақтастықты нығайту дейді дәстүрлі Достық турнирін ұйымдастырушылар.

«Турнирді өткізудегі мақсатымыз ата аналар және мұғалімдер арасындағы достық, ынтымақтастықты нығайту, салауатты өмір салтын сақтау. Жарысқа Алматы облысы бойынша 14 команда қатысты. Өте тартысты ойындар болды. Жалпы турнир келген ойыншылардың көңілінен шықты деп ойлаймын», - деді ұйымдастыру комитетінің өкілі Жетпіс Келдібек.