Жеңіс күні қарсаңында
Бүкіл ел аумағында өтіп жатқан “Таза Қазақстан” акциясы жалғасуда. Бес аптаға жоспарланған экологиялық іс-шараның мәні мен маңызы зор, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Таза Қазақстанның” 4-аптасындағы тазалық шаралары “Өнегелі ұрпақ” деп аталады. Әр аймақтағы ардагерлер мен қариялардың үй-жайларын, ауласын тазалап, абаттандыру ісі ерекше белсенділікпен іске асуда.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Алматы филиалының қызметкерлері Ұлы жеңіс күні қарсаңында қаладағы бірнеше соғыс ардагері мен тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, оларды мерекемен құттықтап, ауласын, тұрғын жайларын тазалап, бақшаларында біраз тер төкті. Атап айтар болсақ, 99 жастағы соғыс ардагері Уколов Михаил ақсақал мен 92 жастағы тыл ардагері Уколова Валентина әжейдің үйінде тазалық шараларын жүзеге асырды. Бау-бақша топырағын қопсытып, аумақты тазарту, сырлау, ақтау жұмыстары орындалды.
“Бүгінде айналамызда соғыс ардагерлерлерінің қатары тым сиреп барады. Биыл ел аумағында жүзеге асып жатқан “Таза Қазақстан” акциясы да мән-мағынасы терең, қоғамға пайдалы екені сөзсіз. “Өнегелі ұрпақ” деп қарттардың ауласын тазартып, қолдан келгенше көмек беріп жатырмыз. Үлкеннің алғысын, батасын алу да зор мәртебе. Біздің мекеменің мамандары аталған акцияға белсенді қатысуда” - дейді филиал директоры Мәулен Тоқтарбайұлы.
Ал үйдің ауласы мен бау-бақшасындағы шаруалар реттеліп, көңілдері жайланған қариялар еңбек еткен жолшыларға алғыстарын жаудырып, ризашылық білдірді. Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, елде тек тыныштық болуын тіледі. Тазалық іс-шарасына қатысқан филиал қызметкерлеріне рахмет айтып шығарып салды.