Ол Астанаға арнайы келіп, Бишімбаевтың сотына қатысқан еді
Ресей журналисті Ксения Собчак БАҚ өкілдерінің біріне берген сұхбатында Бишімбаевтың ісі жөнінде сұраққа жауап беріп, Қазақстандағы еркек пен әйелдің қарым-қатынасы туралы пікірін ортаға салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қазақстанда ұят деген түсінік бар. Бұл түсінікті әйелді ұялту, масқара ету үшін пайдаланады. Бойжеткен қысқа юбкамен көшеге шықса, ойнақтап билесе – соның бәрі ұят саналады. Қазақстанда қазір дәстүрлі ұлттық құндылықтар мен жас ұрпақтың құндылықтары бір-бірімен түйресіп қалды. Бұл оқиғаның (экс-министрдің Бишімбаевтың ісінің) маңызды бөлігі осы деп ойлаймын», – дейді Ксения Собчак.
Ресейлік журналист Қазақстанда ешқандай тұрмыстық зорлық-зомбылықты, әйелді өлтіруді қолдамайтын, алайда әйел де белгілі бір деңгейде өзін қалыпты ұстауы керек деген консервативті көзқарастағы адамдар көп деп есептейді. Оның сөзінше, Қуандық Бишімбаев тарапы алқабилердің қатысуымен сот процесін өткізуді сұраған кезде орта жастағы ер адамдардың қатысуын қалап, оларды «Салтанаттың өзі көзіне шөп салып, арандатқанына» сендіруге тырысқан.
«Кейбір адамдар расында да, сотталушыны аяп, «байғұс жігітті өзі осыған жеткізген екен ғой» деп ойлауы мүмкін. Яғни, оның адвокаттарының қорғанысы сауатты жасалған. Әлбетте, көз жұмған әйелдің туған-туыстары, ағасы мұндайды естіген кезде әрине, қайғырады. Алдымен, қыздарының ауыр жағдайда өлгенін, кейін оның атын шексіз қаралауын естуі өте қиын. Қазақстанда ұят, әйелдің пәктігі деген әңгіме өте өзекті», - дейді ол.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың сот процесі өтіп жатқан кезде Ксения Собчак Астанаға арнайы келіп, сотқа қатысқан еді. Ол кейін Салтанаттың ағасы, құрбысымен сұхбаттасып, осы тақырыпта деректі фильмді жариялады.