Семейде «батырмалы» бағдаршамдар пайда болды

Qaz365.kz редакциясы

Бұл бір жағынан көшедегі көлік кептелісінен арылуға да септігін тигізбек

Өткен жылдан бері қаланың ішкі көшелеріндегі жол қиылыстарына бағдаршамдар орнату, көліктер мен жаяу жүргіншілер қозғалысын реттеудің түйткілі оң шешімін таба бастағаны рас. Қалалық транспорт, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ақпаратына сүйенсек, былтыр 4 бағдаршам орнатылған. Оның екеуі жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал жақында қала көшелеріндегі бірқатар бағдаршамдар жанына «өту үшін батырманың басыңыз» («для перехода нажмите кнопку») деп жазылған ескертпесі бар түймешіктер орнатыла бастады. Бұл бір жағынан көшедегі көлік кептелісінен арылуға да септігін тигізетін көрінеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“Бір ескеретін жайт, бұл негізінен кісі аз өтетін жаяу жүргіншілер жолына орнатылады. Ал, үлкен көше қиылыстарына қойылмайды. Оның да өзіндік тәртіп ережесі бар. Қазіргі күнде Бозтаев, Қаржаубайұлы көшелерінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолына орнатылды. Бұған тиісті қаражат қалалық бюджеттен бөлініп отыр. Бағдаршамдарды күтіп ұстау, қызметінің істен шығып қалмауына бақылау жасау сияқты жұмыстармен айналысатын «МЭПС» компаниясы мұны да қадағалайтын болады. Таймер құрылғысы арқылы батырманың өз уақыты өтетін адамның пайдалануына лайықталып жасалған”, – дейді Семей қалалық транспорт, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Увасилов. 

Әрине, жыл басынан бері бірқатар көшелерде көлік кептелісі өзекті мәселеге айналып бара жатқанда, бұл қадам да оның оңтайлы шешілуіне өз әсерін тигізеріне күмән жоқ. Тек құрылғыдағы «Өту үшін батырманы басыңыз» деген ескертпені көргенде «түймешік» нұсқасы дұрыс еді деген ой келеді. Бір қызығы осы атауға қатысты мемлекеттік терминком сайтында екі нұсқа да жүр. Түймешік - ақпараттық технологиялар саласы бойынша бекітіліпті, ал батырма - техника және байланыс салалары бойынша қабылданған термин екен. Ал, белгілі ақын, аудармашы-журналист Қайырбек Шағырдың айтуынша, кнопканың қазақшасы түймешік болып қалғаны дұрыс.

“Жалпы, бізде қай тілден енген сөздерді аударуда бірнеше нұсқаны қатар жіберетін үрдіс пайда болды. Бұл жақсы емес. «Батырмаға» келетін болсақ, саусағыңды батырып жібермейсің ғой, жай ғана түймешікті басасың. Иә, батырма деп те қолданылады. Өз басым оған ішім жылымайды. Мысалы, кейде аудармашы ретінде бір терминді қазақы ұғымға сәйкестендірейін десем, төрт-бес нұсқа тұрады. Шын мәнінде бір сөзге бір аударма тұруы керек, болды”, – дейді Қайырбек Семейғазыұлы. 

Сәтжан Қасымжанұлы,
Абай облысы