Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ
Қуандық Бишімбаев ісінде мемлекеттік айыптаушы болған прокурор Айжан Аймағанова Тенгри ТВ-ға берген сұхбатында Қуандық Бишімбаевтың ең үлкен қателігін атады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Оның (Бишімбаевтың) ең үлкен қателігі – бізге ұялы телефонының паролін бергені болды. Оның ұялы телефонынан 27 видео шықты. Оның бірі 30 секундтық, бір екі минутқа дейін созылады. Минут сайын түсірген. Оның түсіргені есінде жоқ. Ол мас болған. Мас болғаны соншалық, ол видеоларды түсіргені де есінде қалмаған. Екінші фактор – осындайды ол тұрақты түрде істеп келген. Бәріміз де адамбыз ғой. Бір нәрсені істей берген кезде ол әдет болып кетеді. Бишімбаев осылай қырағылығынан айырылған», - дейді Айжан Аймағанова.
Еске сала кетейік, бірер күн бұрын экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысқан інісі Бақытжан Байжановқа үкім шыққан болатын. Алқа билер шешімімен сотталушы Бишімбаев 24 жылға, ал Байжанов 4 жылға сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Экс-министрдің қорғаушылары БАҚ өкілдерінің сұрақтарына берген жауабында жоғарғы инстанцияға шағым беретінін хабарлады.