Қазір осы бастама бойынша қызу пікірталас басталған
Алматы қаласының көшелеріне Қазақстанның белгілі өнер қайраткерлері әнші Ермек Серкебаевтың, композитор Ескендір Хасанғалиевтің, актерлер Юрий Померанцев пен Владимир Толоконниковтың есімін беру жөнінде өтініштер келіп түскен. Қазір осы бастама бойынша қызу пікірталас басталған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Юрий Гагарин даңғылы – Тимирязев көшесінен Бостандық ауданының Әл-Фараби даңғылына дейінгі бөлігін Ермек Серкебаев даңғылына, Әуезов ауданының Юбилейная көшесіне Владимир Толоконников көшесі деп қайта атау және Түрксіб ауданының "Жас Қанат" шағын ауданының атаусыз көшесіне Ескендір Хасанғалиевтің есімін, сондай-ақ Юрий Померанцевтің есімін беру жоспарланады.
«Бұл мәселе халықтың пікірін ескере отырып енгізіледі. Өтініш Алматы қаласы мәслихатының сессиясының қарауында», - деп жазады түсіндірме жазбасында Алматы қаласы әкімінің аппараты тілдер мен ономастиканың дамуы бөлімінің басшысы Б. Қалымбет.
Осыған байланысты, Алматы қаласы мәслихатының бірлескен шешімінің және Алматы қаласы әкімдігінің "Алматы қаласы көшелерінің атауын өзгерту және оларға атау беру туралы" қаулысының жобасы дайындалған.