Шығыс Қазақстан туристік әлеуеті зор аймақтардың бірі
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев туризмді дамыту бойынша жиналыс өткізді. Аймақ басшысы аудан және ауыл әкімдеріне тұрғындармен келген демалушыларға қонақжайлық көрсету әдебі және сервистік қызмет сапасын арттыру бойынша түсіндіру жұмысын өткізуді тапсырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сондай-ақ аудан әкімдері мен құқық қорғау орган өкілдеріне жағажай мен туристік орындарда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелді.
Шығыс Қазақстан туристік әлеуеті зор аймақтардың бірі. Шекаралас жатқан Қытай және Ресей елдерінен келетін туристер арасында бірқатар орындар қызығушылық тудырып отыр. Тарихы мен әсем табиғаты ұштасқан аймақта халықаралық туризм саласын дамыту үшін жағдай жасалмақ.
Облыс әкімі айтып өткендей, аталмыш саланы қолға алуда аудандарда инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, сервистік қызмет көрсету сапасын арттыру қажет.
“Біз келген туристерге өз қонақжайлығымызды таныта білуіміз керек. Себебі, кішігірім елді-мекендерден бастап, аймақтың жалпы дамуына туризм серпіліс береді. Бір келген қонақ келесіде тағы аймағымызға келіп, оның сүйікті орындарының біріне айналатындай жағдай жасауымыз қажет”, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар жиналыста балаларға арналған жазғы сауықтыру орындары мен лагерь жұмыстары да талқыланды. Аймақ басшысы балалардың демалыс орындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.