Қалима Тәжіқұл, тәуелсіз журналист: Масс медиа туралы заң журналист құқығын шектемегені жөн

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстан журналистер қауымы “Масс-медиа” туралы заң жобасын талқылап жатыр

Аня Леонова / Медиазона

Қазақстан журналистер қауымы “Масс-медиа” туралы заң жобасын талқылап жатыр, деп жазады Qaz365.kz тілшісі Minber.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Бұл заң жобасын талқылауға 60-тан астам журналистік қауымдастық өкілдері қатысып жатыр. Сол жұмыс тобына Астана журналистер атынан қатысып жатқан, тәуелсіз журналист, медиа тренер Қалима Тәжіқұл мен “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының жетекшісі, осы жұмыс тобының мүшесі Есенгүл Кәпқызы арасындағы әңгіме жаңа заң жобасындағы сүйіншілер баптар мен әттеген-айларға тоқталды.

МӘСЕЛЕ ЗАҢНЫҢ АТАУЫНДА ЕМЕС, МАЗМҰНЫНДА

Есенгүл Кәпқызы:

– Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасын талқылау басталған кездегі заң жобасы мен бүгіндері талқылап жатқан  заң жобасы екі бөлек сияқты көрініп жүр.  Заң жобасының атауы Масс-медиа туралы заң деп өзгерді.  Өткен аптада ақпарат және қоғамдық даму министрі алматылық журналистермен кездесуінде «біз интернет жарнамалар, интернет платформалар, блогерлерге қатысты мәселелерді бөлек заңда қарастырамыз» деді.  Министр атаған  интернет платформалар мен блогерлер қызметін реттеу біз талқылаған алғашқы заң жобасында бар еді. Оны Масс медиа туралы заңнан бөліп тастаудың қажеті бар  ма еді, қалай ойлайсыз?  

Қалима Тәжіқұл:

– Мен сізге осы блогерлер қызметін реттейтін заңның қажеті бар ма деген сұрақ қояр едім? Меніңше, біздің заңнамада олардың жұмысын реттейтін нормалар бар. Олар үшін жеке заң қабылдаудың қажеті жоқ екенін заңгерлер айтып жүр.  Ал енді сіз жаңа жылға дейін және кейін талқылауға ұсынылған жобалардың бір-біріне «ұқсамай» тұрғанын дұрыс байқағансыз. Себебін сұхбатта түсіндіруге тырысайын.

Былтыр мамыр айының соңына қарай заң жобасымен жұмыс істейтін жұмыс тобы құрылды. Алғашқы  отырыста Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілетіні айтылды. Сол отырыста жұмыс тобы мүшелері тарапынан 1999 жылғы заңды жамап-жақсай бергенше,  жаңа заң қабылдау туралы да ұсыныс айтылды. «Әділ сөз» ұйымының сол кездегі жетекшісі Тамара Калеева өздері жасаған заң жобасы барын мәлімдеді. Бірақ министрлік БАҚ өкілдерінің ұсыныс-пікірін ескере отырып түзіп шықтық деген ұсыныстарды талқылауға шығарды. Бірақ ол ұсыныстардың бірқатарына келіспейтініміз бірден белгілі болды. Мысалы,  «бұқаралық ақпарат құралы» деген ұғымның орнына «бұқа­ралық коммуникация құралдары»  ұғымын енгізу ұсынылды.  Осылайша «бұқа­ралық коммуникация құралдары»  құрамына БАҚ-пен бірге блогерлерді, юту­берлерді енгізу көзделді. Яғни,  әлеу­­меттік желіде ақпарат тарататын пабликтер мен белсенді қолдану­шыларға арнайы статус береміз деді. Олардың құқықтары мен міндеттерін белгілеп, мемлекеттен грант алуына мүмкіндік беріледі деді. Мұндай «жомарттықтың қайтарымы» ретінде, блогерлер мен пабликтерді  негізгі бенефициарлары туралы ақпаратты ашуға, қаржыландыру көзін жариялауға міндеттемек болды. Бұл әлеуметтік желіні  бақылауды күшейтіп, сөз еркіндігіне кедергі келтіретіні айтпаса да белгілі еді.  Жұмыс тобының басым бөлігі бұл ұсынысқа қарсы болды да, «бұқа­ралық коммуникация құралдары» ұғымын заң жобасынан алғызып тастады және бұл дұрыс қадам болды деп санаймын.

Егер пабликтер мен әлеуметтік желінің белсенді қолдану­шыларына бөлек заң қабылдау көзделіп отырса,  онда биліктің бір ойлағаны бар шығар.  Әрине, министрлік өзінің бұл шешімін жекелеген плат­фор­ма­лар­    аудиторияны адастыратын, арандататын ақпараттарды таратады,  соның алдын алғымыз келеді деп ақтағысы келеді. Бірақ сол пабликтерді, арандатушылардың жұмысын бақылайтын органдар  да, жауапкершілікке тартатын нормалар да бар. Бұл енді басқа мәселе.

 …Иә, жаңа жылдан соң НҚА порталында Масс-медиа туралы заң жобасы талқылауға шығарылды. Өз басым мәселе заңның атауынан бұрын мазмұнына, журналистерге қандай мүмкіндіктер беретініне, сөз еркіндігі мен ой бостандығына кепіл бола алатынына назар аудардым.

МАТЕРИАЛДЫҢ ЕСКІРУ МЕРЗІМІ БІР ЖЫЛ БОЛМАҚ. БҰЛ ЖАҚСЫ ҰСЫНЫС

Есенгүл Кәпқызы:

– Жұмыс тобын журналистер құқы, телерадиохабар тарату, мемлекеттік қаржыландыруды реформалау,  мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, өзін-өзі реттеудеп аталатын бес сессияға бөлді.  Соның басым бөлігіне қатысып жүргеніңізді байқадым. Осы тақырыптардың ішінде ең жақсы жазылған және ең түйткілді баптарды атап бере аласыз ба?

Қалима Тәжіқұл:

– Сіз атаған бес сессияның төртеуіне қатысып жүрмін.  Білікті заңгерлер мен журналистер қатысатын сессиялар арқылы  тәжірибе жинасам деймін.  Себебі бұл менің заң жобасын талқылайтын жұмыс тобындағы алғашқы тәжірибем. Мен үшін әр талқылау маңызды.

Ал енді сұрағыңызға оралсам, әуелі заң жобасындағы жақсы ұсыныстар туралы айтайын: журналистің материалына қатысты арада қаншама жыл өтіп кетсе де мына журналист ар-намысыма, қадір-қасиетім мен іскерлік беделіме нұқсан келтірді деп сотқа жүгініп жататындар бар. Себебі журналист жазған материалдың ескіру мерзімі заңда белгіленбеген еді. Енді ондай материал жарияланған күнінен бастап бір жыл өтсе, әлгіндей шағымдарды сот қарамайды. Яғни материалдың ескіру мерзімі бір жыл деп нақтыланбақ. Бұл – халықаралық тәжірибе және журналистер құқын қорғайтын бап.

 Тағы бір оңды тұсы – қауіпті жерлердегі оқиғаларды жариялайтын журналистерді қорғау үшін олардың өмірін сақтандыру талабы енгізіледі. Яғни редакция журналисті қауіпті іс-сапарға жіберсе, оның өмірін сақтандыруға міндеттеледі.

Ал енді заң жобасында не ұнамайды? Өкінішке қарай, бұл бағытта ұзақ сөйлеуге мәжбүрмін.  Әсіресе заң жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы – аударма сапасы сын көтермейді. Байбалам салғандай болмас үшін бірер мысал келтірейін:  «Мемлекеттік ақпараттық саясат», «корреспонденттік пункт» деген тіркестерді «мемлекеттік тілден» қазақ тіліне аудару қажет.  «Мемлекеттің ақпараттық саясаты» десек, ал «корреспонденттік пункт» дегеннің көптен бері «тілшілер қосыны» деп айтылып, жазылып жүргенін аудармашылар білмейтін сияқты. «Мерзiмдi баспасөз басылымы» – мерзімді басылым деуге болар еді.

 Аудармашылардың немқұрайлығы сондай, заң жобасына енгізілген өзгерістер қазақша нұсқасында жоқ! Мысалы, сұрау салуға жауап беру мерзімі 7 күннен 5 күнге азайтылатыны туралы өзгеріс қазақ тіліндегі жобада қолданыстағы норма күйінде, яғни 7 күн деп тұр. 33-баптан кейін 35-бап жалғасып кетеді. 34-бапты таппай қалдық. 78-бапта 34-баптың 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданылатыны жазылған. Ал 34-баптың өзі жоқ.  Жауапсыздық емей, немене?

Қолданыстағы БАҚ туралы заң 26 баптан тұрады. Біз талқылап жатқан жоба 78 баптан тұрады! Заң қысқа да нұсқа, түсінікті  болса деймін. Заңда бәрін тәптіштеп жазудың қажеті жоқ, ол үшін нормативтік-құқықтық актілер бар.  Масс-медиа туралы заң жобасын оқығандар байқаған болар, жобадан «бақылау» сөзі 48, «реттеу» сөзі 17 рет кездеседі. «Сөз бостандығы» сөзі 1 рет, «бостандығы» сөзі 5 рет кездеседі.  Ал қолданыстағы заңда «бостандығы» сөзі 3 рет кездеседі, бірақ бұл заңда 26 бап қой,  яғни үш есе аз…

ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫНАН БОСАТУ ДА – ІРІ МЕДИА ҰЙЫМДАРЫ ҮШІН ТИІМДІ

Есенгүл Кәпқызы:

– Сөзіңізді бөлейін, мерзімді басылымдарды қосымша құн салығынан босату туралы ұсыныс бар. Бұл жақсы ұсыныс емес пе? Оны неге жақсы баптың қатарында атамасқа? 

Қалима Тәжіқұл:

– Бір қарағанда, бұл ұсыныс өте жақсы көрінеді. Бірақ бұл белгілі бір БАҚ-тар үшін ғана тиімді. Түсіндіріп көрейін:  ҚҚС қай кезде салынады? Егер Ақпарат құралының жыл соңындағы табысы 69 миллион теңгеден жоғары болса,  БАҚ саласындағы субъекті ҚҚС төлеуші атанады. Мендегі мәлімет бойынша, республикалық, облыстық басылымдар ҚҚС салығын төлейді. Олар үшін бұл ұсыныс өте тиімді. Ал жекелеген ақпараттық сайттар мен аудандық басылымдардың айналымында жетпіс миллион теңгеге жуық ақша жоқ, ары кетсе 30 миллион теңге.  Сол сияқты салалық журналдардың арасында да ҚҚС төлемейтіндер көп. Демек, бұл жаңашылдықтың игілігін барлық басылым бірдей көрмейді. Олар үшін газет-журналдарды қолдау мақсатында берілетін субсидия қарастырылып отыр ғой  дейтіндер табылатыны даусыз. Бірақ ол субсидияның қалай берілетіні де әлі нақтыланған жоқ. Оның үстіне, телеарна өкілдері де субсидиядан дәмелі. Сондықтан қаржыландыру тетігін әлі де пысықтау қажет.

БАҚ ҮШІН БӨЛІНЕТІН ГРАНТТАРДЫ МИНИСТРЛІКТЕН ТӘУЕЛСІЗ ОПЕРАТОР ЖҮРГІЗГЕНІ ДҰРЫС БОЛАР  ЕДІ 

Субсидия демекші, заң жобасында студенттерге, әсіресе техникалық кәсіптік университеттердің студенттерін газетке жаздыру көзделген. Қоғамдық-саяси басылымдарда ғылым мен техника жаңалықтары тұрақты жазыла бермейді. Салалық басылым болса, бірсәрі. Оның үстіне, жастар ақпаратты интернеттен іздейді. Еліміздегі ЖОО-лардың басым бөлігіне акционерлік қоғам ретінде табыс табуға мүмкіндік берілген және олардың қоғамдық-саяси басылымдарға жазылуға мүмкіндігі жетеді. Сондықтан мерзімді басылымдарға берілетін субсидияны газеттердің қағаз шығынын жабуға, сосын әлеуметтің осал тобын газетке жаздыруға,  салалық басылымдарға беру керек деп ойлаймын. Өйткені қазіргі кезде ғылыми-танымдық бағыттағы салалық журналдардың қаржылық жағдайы мәз емес.  Сонымен бірге, балалар мен  жасөспірімдерге арналған басылымдарды да қолдауымыз керек. «Ұлан» газеті мен  «Балдырған», «Ақжелкен» журналдары «Қазақ газеттері» АҚ арқылы бюджеттен қаржы алып отырғандықтан, субсидияны еліміздегі мектептерді аталған басылымдарды жаздыруға бағыттаса… сонда оқырманды бала күнінен тәрбиелеуге болады. Бұл ұсынысымды аталған басылымдарға қатысты лобби деп түсінетіндерге алдын ала ескертейін, бұл басылымдар контентінде саясат қамтылмайды, сондықтан жаздыру арқылы қолдауға болады.

Жұмыс тобында көңілге қонымды ұсыныстар жиі айтылады, өкінішке қарай ол ұсыныстар қазақша аудиторияға жете бермейді. Мысалы, Құқықтық медиаорталық өкілі, заңгер Гүлмира Біржанова мемлекеттік тапсырыс алып отырған мемлекеттік БАҚ-тарға жарнама қабылдауды шектеуді ұсынды. Жарнама мемтапсырыс алмайтын жекеменшік БАҚ-тарға берілсе, сонда олар мемтапсырысқа тәуелді болмайды деген пікірде.

Жұмыс тобының тағы бір мүшесі Ольга Диденконың мемлекеттің қатысуымен құрылатын ақпарат құралдарын ашуға мораторий жариялау туралы ұсынысын атап өткім келеді. Бүгіндері мемлекеттік ақпарат құралдары  жекеменшік БАҚ-тан бірнеше есе көп. Мемлекеттік ақпарат құралы дегеніңіз – жаңа квазимемлекеттік сектор субъектісі ғой. Мұндай БАҚ пропагандаға  жұмыс істейді. Мұндайда сөз бостандығы туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Ольга Диденко мемлекеттің ақпараттық саясатын мемлекеттік ақпарат құралы ғана жариялайды деген түсініктен арылуды да ұсынды. Бұл қызметті жекеменшік ақпарат құралдары атқара алады. Бәлкім, мемлекеттік тапсырысты үлестіруде мемлекеттік және жекеменшік БАҚ арасында 50/50 немесе 60/40 балансын сақтау қажет болар. Сонда ғана жекеменшік БАҚ-тардың дамуына мүмкіндік береміз.  Әйтпесе, мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігін иеленіп үйренген мемлекеттік ақпарат құралдары журналистика принципінен алшақтап кетеді.

Әрине, жекеменшік БАҚ-тың бәрі бірдей журналистика принципін сақтайды деуге де болмайды. Мысалы, коммерциялық ақпарат құрал­да­ры  жарнама беруші мен көрермен сұранысы үшін жұмыс істейді.  Көрілім жинау үшін  шоу-бағдарламалар мен сарыжағал бағыттағы материалдарды ұсынады.  Солай тіршілік етеді. Егер олар да мемлекеттік тапсырыс алса, салыстырмалы түрде сапалы контент ұсынуға тырысады.

Заң жобасында қоғамдық БАҚ құру туралы ештеңе жазылмағандықтан,   жекеменшік және тәуелсіз БАҚ-тарды қолдауымыз керек.

Есенгүл Кәпқызы:

– Мемлекеттің ақпараттық саясатын грант арқылы қаржыландыру туралы ұсынысқа қалай қарайсыз? 

Қалима Тәжіқұл:

– Кез келген бастаманың кемшілігі оны жүзеге асыру кезінде көрінеді. Сондықтан бұл сұрақтың жауабын дәл қазір беру асығыстық болар еді.  Жуырдағы отырыста осы грант арқылы қаржыландыруға, субсидияға қаржыны мемлекеттік тапсырысқа бөлініп жатқан қаржыдан аласыздар ма әлде бұл мақсатта бюджеттен қосымша қаржы сұрайсыздар ма деп сұрадым. Жауабын өзіңіз де тыңдадыңыз, бұл мәселе әлі нақтыланбаған.

 Министрлік грант бөлу кезінде мемлекеттің қатысуын қысқартамыз,  ашықтықты қамтамасыз етеміз,  оның ішінде гранттың іске асырылуына мониторинг жүргізу тетігін енгіземіз, мемлекеттік тілдегі контентке басымдық береміз деді. Құптарлық қадам. Бірақ маған грантты бөлуге мемлекеттің қатысуы қалай қысқаратыны қызық болып тұр. Себебі министрлік грантты үлестіруді  Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына жүктемек. Бұл орталық Ақпарат  және қоғамдық даму министрлігінің жанындағы мекеме. Орталық басшысын министр тағайындайды. Мүдделер қақтығысы болмай ма деген сұрақ бар. Әрине, Орталықтың үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік жобалар грантын үлестіруде тәжірибесі бар, бірақ БАҚ-қа грант үлестіру мүлдем басқа. Меніңше, БАҚ үшін бөлінетін гранттарды министрліктен тәуелсіз оператор жүргізгені дұрыс болар  еді деп ойлаймын.

ЖЫЛ САЙЫН КАРТА АЛУ ЖУРНАЛИСТЕРДІ БАҚЫЛАУДА ҰСТАП ОТЫРУДЫҢ ТАПТЫРМАС ТЕТІГІ ҒОЙ

Есенгүл Кәпқызы:

– Заң жобасын талқылау басталғалы бері баспасөз картасының журналист құқын шектейтіні туралы айтылып жатыр. Министрлік бұл Түркия  тәжірибесі екенін баса айтты. Жалпы осы баспасөз картасы керек пе?  

 Қалима Тәжіқұл:

 – Заң жобасы туралы пікір сұрағандардың барлығы да бірінші кезекте осы карта туралы сұрайды.  Қажет емес, әрине.  Өйткені баспасөз картасын алу үшін журналистің «Журналистика» мамандығы   бойынша жоғары білімі туралы дипломы мен БАҚ саласында, кемінде, 3 жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек. Егер  «Журналистика» мамандығын бітіргенін растайтын дипломы болмаса,  БАҚ саласында, кемінде, 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек. Ал енді сұрақ: белгілі бір БАҚ-та жұмыс істемейтін журналистер, үш жылдық еңбек өтілі жоқ, жұмысқа енді орналасқан журналистердің құқы қайда қалады? Сосын бұл карта бір жылға   беріледі және министрліктің  баспасөз картасын алған журналистер тізіліміне енгізіледі. Жыл сайын карта алу журналистерді бақылауда ұстап отырудың таптырмас тетігі ғой.  Енді мынаны қараңыз, баспасөз картасын алған журналист жұмыстан кетсе,  3 күн ішінде  картаны беретін комиссияға(!) ескертуі тиіс және  3 ай ішінде жұмысқа орналасуға міндетті екен! Журналист 3 ай мерзімінде жұмысқа орналаспаса, баспасөз картасынан айырылады екен. Бұл журналиске жасалатын қысымның көкесі ғой. Ал енді бұл картаның қандай құдіреті бар? Оны  35-баптан оқыңыз дейді. Ол бап  «Баспасөз картасын алған журналистердің құқықтары мен міндеттері» деп аталады. Бұл норманың бәрі журналист атаулыға тән ортақ құқық пен ортақ міндет болып шығады. Ендеше журналистерді  алалайтын құжаттың не керегі бар?

Іс-шараларға бару үшін алдын ала тіркелудің көп жылдан бері қалыптасқан тәртібі бар, сол тәртіп бізге жетіп жатыр.  Нормативтік-құқықтық актілер   порталындағы заң жобасына пікір жазғандар да бұл картаға қарсы.   Тіпті баспасөз картасын алуға мүмкіндігі бар журналистердің өзі бұл карта қажет емес деген пікір білдірген. Сондықтан министрлік қоғамның, журналистердің және жұмыс тобының пікірін ескереміз десе, баспасөз картасын алып тастайды деп үміттенем.

Баспасөз картасы туралы біз жаңа жылдан кейінгі онлайн отырыста хабардар болдық қой. Есіңізде болса, заң жобасын алғаш талқылаған жиында ұсынылған өзгерістер арасында  журналистерді мемлекеттік тіркеу туралы ұсыныс болды.  БАҚ құралы тіркеуден өтсе, журналисті жұмысқа қабылдап, қолына сол ақпарат құралында істейтінін растайтын куәлігін берсе, жетіп жатыр деген уәжімізді айта жүріп, мемлекеттік аккредитацияны заң жобасынан алғызып тастап едік. Баспасөз картасы маған осы мемлекеттік аккредитацияның тонын айналдырып киіп алған норма сияқты көрінеді де тұрады. Бұл  нормалардың еш  қажеті жоқ.

ЖУРНАЛИСТЕР ҮШІН ЖЕҢІЛДІК ҚАРАСТЫРУ ОЛАРДЫ БЕЛГІЛІ БІР ДЕҢГЕЙДЕ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРҒА ТӘУЕЛДІ ЕТЕДІ

Есенгүл Кәпқызы:

– Баспасөз картасы журналистің статусын көтереді деген уәж айтылып жатыр. Кейінгі кезде журналиске  мұғалім мен дәрігерге берілгендей, арнайы статус берілсін деушілер бар. Әсіресе мемлекеттік БАҚ өкілдері бізге статус керек, үй керек, жалақымыз төмен дегенді жиі айтады…

 Қалима Тәжіқұл:

 Қандай да бір мамандықты статус арқылы ерекшелеуді қолдамаймын. Бұл басқа мамандық иелерін кемсіту болып саналады. Педагогтар мәртебесі туралы заңның қабылданғанына үш жыл болды. Педагог мәртебесін заңдастыру туралы ұсыныс мұғалімге қоқыс жинатпау, сенбілікке шығармау, сайлау кезінде жұмысқа жекпеу туралы талаптан туындады.  Заң қабылданып, күшіне енгелі бері елімізде Мәжіліс сайлауы, Референдум, кезектен тыс президент сайлауы өтті. Енді тағы да Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтейін деп жатыр. Сайлау кезінде әлі де мектептердегі сайлау учаскелеріне барып жүрміз. Педагог мәртебесі туралы заң мұғалімдерді сенбіліктен босатқанымен, сайлаудан босатқан жоқ. Жалақысы көтерілгені рас. Жалақыны мәртебе туралы заңсыз да көтеруге болар еді. Сосын мұғалім бюджет саласының қызметкері болғандықтан, жалақы  көтеру туралы жоғарыдан тапсырма беріледі. Ал БАҚ-тың бәрі мемлекеттік емес қой. Жекеменшік БАҚ-қа жалақы көтер деп қалай талап қоясыз, тіпті дәл қазіргі кезде мемлекеттік БАҚ-тың жалақысын көтеруге де үкімет араласа алмайды? Оны БАҚ құрылтайшысы ғана шешеді. БАҚ құрылтайшысын жалақы көтеруге итермелейтін бір ғана тетік бар: мемлекеттік тапсырыс алу үшін ұсынылатын құжаттар тізіміне қызметкерлер жалақысы еліміздегі орташа жалақы  көлемінен осынша процент жоғары деген анықтаманы қосу керек шығар. Жалақысы жоғары журналист мемтапсырысты алаңсыз жазады деп әлгі талапты бекіте түсуге болатынын яки болмайтынын заңгерлер айта жатар. Ал жалпы менің түсінігімде журналист мәртебесін журналистің өзі көтереді. Сұранысқа сай журналисті жалақысы жоғары жұмысқа шақыратындар да көп болады. Табысы жоғары журналист әлеуметтік мәселесін қалауынша шешіп алады. Ипотекаға баспана сатып алады немесе жалға алады. Ал журналистер үшін жеңілдік қарастыру оларды белгілі бір деңгейде атқарушы органдарға тәуелді етеді.

МЕДИАНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕУІН КОМИТЕТКЕ ҚАЛДЫРУЫ КЕРЕК

Есенгүл Кәпқызы:

– Біздің елде «Қазақстандық Медиа желі/KazMediaNetwork» және Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеттер бар.  Медианың негізгі принциптері туралы құжаттар қабылданып жатыр.  Олай болса, заңға этика нормаларын енгізу дұрыс па?

Қалима Тәжіқұл:

– Әрине, дұрыс емес. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасына қатысты жұмыс тобының алғашқы оффлайн отырысында бұл мәселе сөз болған. Сол кездегі министрі Асқар Омаровқа  Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитетінің жетекшісі мен мүшелерін журналистер қауымы,  еліміздегі журналистика факультетінің студенттері дауыс беру арқылы таңдағанын жеткіздім. Ол  комитет аспаннан түсе қалған жоқ. Жапон мамандары бірнеше мәрте онлайн кездесу өткізіп, комитеттің жұмыс тәртібін түсіндірген-ді. Кейін комитет құрылған соң журналистердің қатысуымен бірнеше рет этика нормалары талқыланды. Яғни комитет жұмыс істеп тұр. Сондықтан медианың өзін-өзі реттеуін комитетке қалдыруы керек.

 Есенгүл Кәпқызы:

– Жақсы, рахмет! Келесі мәселе – ақпаратқа қол жеткізу мәселесі.

Халима Тәжіқұл:

– Бұл өте даулы мәселе. Бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат беру деп аталатын 66-бап  қолданыстағы норманы қайталайды. Яғни «бұқаралық ақпарат құралдарының берген ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі жазбаша сұрау салуына ақпарат иеленуші, яғни сұрау салу тіркелген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей жауап ұсынуға не оны ұсыну мерзімін немесе уәжді бас тартуды көрсете отырып, күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде бере алады» дейді. Он бес күнді көріп алған баспасөз хатшы екі күнде ақпарат беруге асықпайды. Мұны жиі сұрау салатын журналист ретінде айтып отырмын.  Он бес күн тым ұзақ, оны бес немесе жеті күнге ауыстыру туралы ұсынысымыз ескерілген жоқ.

Ал «Ресми хабарларға жатпайтын ақпаратты беру туралы сұрау салулар» деп аталатын 67-бапта «Сұрау салуға жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, ол келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде…» делінген. Қолданыстағы заңда жеті күн деп тұр. Екі күнге ғана қысқартып отыр. Бұл ресми хабарларға жатпайтын ақпаратты сұрағанда жауап берілетін мерзім. Егер сіз сұраған  ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін болса,   ақпарат иеленушінің басшысы жауап беру мерзімін күнтізбелік он бес күнге дейін ұзарта алады!  Мұнда он бес күн! Бұл ресми хабарға жатпайтын ақпаратқа қатысты сұрау салу ғой. Мұны үш күнтізбелік күні ішінде, басқа тараптан қосымша ақпарат алу қажет болса, 7 күнтізбелік күнге азайтуға болады деп ойлаймын. Себебі он бес күнде ақпарат ескіріп, жарамай қалуы әбден мүмкін.

68-бапта белгілі бір аумақта халықтың тыныс-тіршілік ету жағдайы бұзылған кезде тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары оқиға басталған кезден бастап үш сағаттан кешіктірмей, оқиға туралы ресми хабарлауға міндетті екені жазылған. Бұл да қолданыстағы норма. Осы үш сағатты 2 сағатқа өзгерту болады.

Біз ақпарат  ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Айтылған ақпарат арада сағат өтпей жатып ескіреді, мәнін жояды. Ондай ақпаратта құн қалмайды. Ендеше, мемлекеттік органдар болсын, мемлекеттік емес мекемелер болсын, ақпараттың халыққа уақытында жеткізілуін қамтамасыз етуі керек. Егер ресми, сенімді ақпарат халыққа уақытында айтылмаса, онда жалған ақпарат тарап, ел ішін дүрліктіріп жіберуі мүмкін. Бұған арыға бармай-ақ қоялық, жыл бұрын болған Қаңтар оқиғасын айтсақ та жетіп жатыр. Баспасөз хатшылары әбжіл қимылдап, ақпарат иеленуші тұлғаларды ширатса деймін.

 Есенгүл Кәпқызы:

– Сосын бізде ауызша ақпарат алу құқығы шектелген. Бұрын алушы едік қой, қазір міндетті түрде сауал жолдау керек, содан кейін ғана жауап беріледі.

Қалима Тәжіқұл:

– Бұл сенім мәселесіне келіп тіреледі. Қазіргі кезде де жекелеген журналистер мен баспасөз хатшылары бір-біріне сенгендіктен, ауызша сұраққа жауап беріп жүр. Ал енді бір-бірін танымайтын жағдайда журналистен қызметтік куәлігінің көшірмесін уатсап, телеграм желісі арқылы сұратып, жауап беруге болады деп ойлаймын. Өйткені куәлікте журналистің қай БАҚ-та жұмыс істейтіні жазулы, бас редактор қолы қойылған. «Маған сұрақты жазып жіберші, тіркеуім керек. Өйтпесек, жауапты тұлғалар жауап бермейді» дейтін баспасөз хатшылар да бар. Олар қолданыстағы заң нормаларын алға тартады. Содан кейін сұрақты жазбаша жіберу үшін бас редактордың қолын қойғызып немесе фирмалық бланкіге жазып уақыт жоғалтасың. Жалпы, мұндай мәселені редакция мен баспасөз қызметі заң шеңберінде ақылдасып, жұмысты жеңілдетуге болады. Жұмыс тобында баспасөз қызметінен бірде-бір өкіл жоқ. Біз  осындай талқылауларда олардың да ұсыныс-пікірін тыңдап, өзара келісімге келер едік деп ойлаймын.

 Есенгүл Кәпқызы:

– Жаздан бері сөз бостандығына кепілдік беретін, ашықтықты қалыптастыратын ұсыныстардың басым бөлігі қабылданбады. Осыған қарап, министрлік өз ұсыныстарымен қалады, баспасөз картасы да, этиканы бақылау да заңға енгізіледі деп болжап отырмын.  Сіз қалай ойлайсыз?

Қалима Тәжіқұл:

– Онда мені осы жұмыс тобына ұсынған астаналық журналистер алдында кешірім сұрауыма тура келеді. Жұмыс тобына   әріптестерімнің сенімін арқалап келдім. Қазақ заң университеті премьер-министрмен жабық есік жағдайында кездесу өткізді. Сол кездесуде БАҚ туралы заң  жобасының жұмыс тобына практик журналистер де кірсе деген ұсыныс айтылды. Бірнеше журналист жұмыс тобына қабылданды. Әріптестерімнің көпшілігі жұмысбасты болғандықтан,  фриланста жүрген мені сыртымнан ұсынып жіберіпті. Жұмыс тобының отырысы басталмай тұрып, әріптестерімді толғандыратын мәселелерді сұрадым. Олар ақпаратқа қол жеткізудегі кедергілерді атады. Сұрау салған соң жауаптың ұзаққа созылып кететінін сынады. Жалақымыз аз деді. Бұл астаналық қазақ журналистерінің өтініші. Олардың ұсынысын жеткізу – міндетім. Міндетімді барынша адал атқаруға тырысып жүрмін. Бұрын-соңды заң жобасын талқылауға қатыспаған соң тәжірибем жетпей жатқан болар.

Жұмыс тобындағы талқылауларға кімдердің қатысқанын, кімнің қандай ұсыныс айтқанын, кімнің сөз бостандығын қамтамасыз ететін нормаларға қарсы болғанын да  әріптестерім білуге тиіс. Себебі жұмыс тобында алпыстан астам адам бар. Өкінішке қарай, сол алпыстан астам адамның  көп дегенде отызы ғана талқылауға қатысады. Біз талқылауда ақ тер-көк тер боп дауласамыз, ұсыныс айтамыз. Ол ұсыныстың негіздемесі болуы керек, сол  үшін шағын зерттеу жасайсың: сөз бостандығына кедергі келтірмей ме, журналиске қысым жасамай ма деп. Әр сөздің, әр ұсыныстың жауапкершілігі бар.  Дәл қазіргі кезде журналисті қорғау өте өзекті болып отыр. Журналисті қорғау сөз бостандығы қорғау ғой, түптеп келгенде.

Шынымды айтсам, жұмыс тобының жұмысы қашан және қалай аяқталатынын, жұмыс тобындағылар жобадағы ұсыныстарға  дауыс бере ме, жоқ па, соны да білмейді екенмін. Бастысы, әріптестерімнің аманатын жеткізіп жатырмын. Қалғаны заң жобасын мақұлдайтын, қабылдайтын, қол қоятындардың білімі мен біліктілігіне, ар-ұятына сын.