Форум АҚШ Елшілігінің қолдауымен өтеді
30 мамырда Астанада қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың VII QAZAQFORUM-ы өтеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Форумның басты тақырыбы: “Болашақтың дидары. Жаңа технологиялар және медиа”.
Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен өтетін форумның мақсаты – қазақ тіліндегі контенттің сапасын арттыру, жаңа технологияларды тиімді пайдалану және медианың болашақтағы даму жолдарын талқылау. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форумның ресми ашылуында сөз сөйлеп, панельдік сессияның спикері болмақ.
Биыл жетінші рет өткізіліп отырған QAZAQFORUM – қазақ тіліндегі онлайн-контент жасаушыларға өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін маңызды платформа. Форум барысында мамандар болашақтың технологиялары, контент жасау мен тұтынудың мәдениеті, жасанды интеллекттің қауіпсіздігі мен халықаралық реттеу стандарттары, сондай-ақ, креативті индустрия, мәдениет және технология тақырыптарын қозғайды. Сарапшылардың қатарында АҚШ-тан келген арнайы қонақ тәжірибесімен бөліседі.
Сонымен қатар күнделікті өмірде нейрожелілерді пайдалану мен жасанды интеллекттің көмегімен контент жасаудың тәсілдері бойынша мастер-класстар өткізіледі. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысынан су тасқыны туралы 360 форматта түсірілген арнайы репортаж да қатысушылардың назарына ұсынылады.
QAZAQFORUM туралы толық ақпаратты http://www.qazforum.kz сайтында және@qazaqforum Инстаграм парақшасында табуға болады.