Облысқа білікті дәрігерлерді тарту мақсатында қандай жұмыс атқарылуда
Түркістан облысы аумағында жалпы 24 681 медицина маманы қызмет атқарады. Бұл туралы Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның ішінде 5 534 дәрігер, 19 147 орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс істейді екен.
«Түркістан облысындағы тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында Түркістан облысының жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын грант бөлінуде. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60 грант бөлініп 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда, 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіруде», - дейді Асхан Байдуалиев.
Биылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлінді.
«Қазіргі таңда облыс бойынша дәрігерлер тапшылығы – 386 бірлік, оның ішінде 125 қала, 120 ауыл. Сонымен қатар, Түркістан қаласында жаңадан салынып жатқан ірі жобалар іске қосылатын болса, алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарына тағы да тапшылық туындауы мүмкін. Облыстың 402 977 азаматы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Сақтандыру мәртебесі жоқ», - дейді басқарма басшысы.
Ол сонымен қатар 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етілетін «Дюшен бұлшық ет дистрофиясымен» ауыратын 2 науқас үшін Голодирсен 50 мг /2 мл дәрі алынатынын айтты. Бұған бюджеттен 900 995 мың теңге қарастырылған. Осы дертпен ауыратын тағы 3 науқас үшін Этиплерсен 100мг/2мл, 500мг/10мл дәрісін алуға 1 830 530,0 мың теңге жұмсалмақ.