Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар
Түркістан облысында 2024 жылы 16 млрд теңгеге жуық қаржы дәрі-дәрмек алынады. Бұл туралы Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«2024 жылға өңірдің медициналық ұйымдар тарапынан республикалық бюджет есебінен 15,9 миллиард теңге сомаға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 549 атауын сатып алуға өтінім беріліп, бүгінгі күнге дейін «Д» есепте тұратын 129 032 науқастар жалпы сомасы 4 232 826 мың теңгеге қамтамасыз етілді. Соның ішінде 18 жасқа дейінгі 25 598 науқас 747 528 мың теңге қаражат көлемінде қамтамасыз етілді», – дейді Асхан Байдуалиев.
Бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы «Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» № ҚР ДСМ-75 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
«Сонымен қатар биыл жаңадан пайда болған «Д» есепте тұратын науқастар санының артуына байланысты медициналық ұйымдар тарапынан ТМККК шеңберінде - 2 182 947 мың теңгеге және МӘМС жүйесі бойынша 337 890 мың теңге көлемінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қосымша өтінім жолданды. 2024 жылға орфанды диагноздармен ауыратын 232 науқастарды тегін медициналық кепілдендірілген көмектің шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 4 591 681 мың теңге бөлінді», – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, «Помпе ауруы» бойынша 4 науқас үшін Аглюкозидаза альфа 50мг дәрілік затына – 473 210 259 мың теңге қаражат жұмсалып, дәрілік заттар сатып алынады екен.
«Жергілікті бюджет есебінен сатып алынатын өзге де дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағаларының әлдеқайда қымбат болуына байланысты аталған дәрілік заттарды сатып алу қаражаттың көп бөлігін алуда», – дейді Асхан Байдуалиев.