«Олардың саны көп»: психолог орамал таққан қыздарға да көп жігіт өктем қырындайтынын ашық айтты

Qaz365.kz редакциясы

Белгілі коуч-сарапшы мен психолог имамның сөзімен келіспейтінін айтты

Скриншот

Бұған дейін қоғамда «орамал тақпағандарды зорламағанда, кімді зорлайды» деп сөйлеген, ел ішінде ұстаз аты бар Нұрсұлтан Рысмағамбеттің сөзі сынға ұшыраған еді. Белгілі коуч-сарапшы Роза Әшірбаева мен психолог Аружан Садуева имамның бұл сөзін мүлде құптамай, сынай сөйледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Орамал тақпағандарды зорламағанда, кімді зорлайды», – дейді Нұрсұлтан ұстаз бір сөзінде.

Оның сөзінше, зорлыққа ұшырайтын қыздар ашық-шашық киінген. Орамалды қыздар ғана әурет жерлерін жабатын болғандықтан, оларға қауіп жоқ көрінеді.

«Көзқарас» подкастында Әшірбаева имамның бұл сөзін қорқыту деп қабылдайтынын айтты.

«Нұрсұлтан ұстаз қыздарды қорқытып, «егер сендерге біреу тап бермесін десеңдер, жабық жүріңдер» дейді. Мен сол сөзі алаңдатады. Мен хиджабқа қарсы адам емеспін. Әркім өз таңдауына қарай болуы керек деп есептеймін. Бірақ имам бұл сөзін қорқытып айтып отыр. Ал хиджабтағы қаншама әйелдің зорлыққа ұшырап жатқанын біле ме? Бұл жерде мәселе мүлде хиджабта емес қой», - дейді Роза Әшірбаева.

Оның бұл сөзін подкастына келген, орамал таққан психолог Аружан Садуева қолдайды. 

«Менің хиджаб киген құрбыларымның көбіне сондай арсыз әрекет жасамақ болғандар кездескен. Олардың саны көп. Құрбыларымның бәрі оның бәрін ашық айта бермейді. Себебі ұят деп есептейді. Бірақ зорлыққа бейім адамның ақыл-есі дұрыс деп айтуға келмейді. Ислам бойынша алдыңда жалаңаш әйел тұрса да, сен оған қолыңның ұшын тигізбеуің керек», - дейді ол.