Абай облысы Үржар ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда

Qaz365.kz редакциясы

Үржар ауданында жиыны 25-тен астам саябақ бар

Үржар ауданындағы 16 ауылдық округтің барлық мекеме ұжымдары мен тұрғындары 2 ай көлемінде экологиялық акцияға белсене қатысып, туған жердің тазалығын сақтауға үлестерін қосуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Үржар ауданында 3 000-ға жуық ағаш (оның ішінде жеміс-жидек) және бұта отырғызылды, көшелерді жинау және ағаштарды әктеу, бағаналарды сырлау жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік нысандардың қызметкерлері мен тұрғындары аумақты қоқыстан тазартуда.

Жас белсенді Аяжан Биахметова аудан жастарын тазалық жұмыстарына қатысып, туған өлкенің тазалығын сақтауға шақырды.

«8 сәуірде басталған акция күні бүгінге дейін жалғасуда. Міне, жаз мезгілі келді, ауданымыздың тұрғындары саябақтар мен көшелерді белсенді түрде тазалауда. Мен белсенді жас ретінде сенбілікке қатысуға келдім. Барша жастарды ауданымыздың тазалығын сақтауға және акцияға қатысуға шақырамын», – деді Аяжан Биахметова.

Үржар ауданында жиыны 25-тен астам саябақ бар. Олар – Үржар ауылдық округінде орналасқан «Батырлар аллеясы», «Болашақ» саябағы және «Балалар» саябағы. Жаз мезгілінде аудан тұрғындары мен келушілер санының артуына байланысты саябақтардың қоқыстары арнайы бөлінген аумақтарға шығарылады.