Медициналық орталықтың дәрігерлері Түркістан облысына барды

Qaz365.kz редакциясы

20 тұрғынға дәрігерлік кеңес жүргізілді

Бағдарлама кестесіне сай ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының хирургия бойынша орынбасары, жоғары санатты нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев сол жақ ұйқы артериясының алып аневризмасын қан ағысы бағытын өзгертетін стентпен эмболизациялау және бас ми қантамырларының тарылуын стенттеу бойынша екі облыс тұрғынына күрделі операция жасап, 20 тұрғынға дәрігерлік кеңес жүргізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аритмология бөлімшесінің меңгерушісі, бас аритмолог, профессор Аян Әбдірахманов Шымкент жүрек орталығында Гис будасының сол аяғын ширықтырумен электрокардиостимуляторды имплантациялау бойынша 3 операция, Түркістан облыстық ауруханада электрокардиостимулятор мен кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялау бойынша 2 операция жасап, 10 өңір тұрғынын қабылдады. Сонымен қатар өңірдің 30 кардиолог пен резиденті қатысқан «Жүрек ырғағының бұзылуын интервенциялық емдеу» тақырыбында дәріс оқыды.

Бұдан бөлек, Урологиялық хирургия бөлімшесінің бас урологі, профессор Ерлан Еңсебаев 8 тұрғынға, Қантамырлық хирургия бөлімшесінің қантамыр хирургі Талғат Сарсембаев 35 тұрғынға дәрігерлік кеңес жүргізді.

ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының емдік жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева «Төсек-орын қорын ұтымды пайдалану» және «Сепсиске қарсы антибиотикалық терапия. Антибиотикке төзімділік» тақырыптарында 2 шеберлік сабағын, «Клиникалық-фармакологиялық бөлімді ұйымдастыру және жұмысы. Дәрілік заттарды ұтымды және тиімді пайдалану мониторингі» тақырыбында түрлі саладағы 38 дәрігерге семинар өткізді. Сондай-ақ осынша тыңдаушыға Анестезиология, реанимация, қарқынды терапия бөлімшесінің анестезиолог-реаниматологі Асем Карибаева «Сепсис. Халықаралық ұсыныстарға шолу» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.