Көктем келісімен барша отандастарымыз «Таза Qazaqstan» акциясына ерекше ынта-ықыласымен кірісті
Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Qazaqstan» республикалық жалпыұлттық акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Көктем келісімен барша отандастарымыз «Таза Qazaqstan» акциясына ерекше ынта-ықыласымен кірісті. «Таза Qazaqstan» акциясы тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар шараға айналуда.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясында «AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» республикалық экологиялық акциясын бастады. Елді мекендер мен көрікті жерлерді қоқыстан тазалау жұмыстары бүгін өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларында ұйымшылдықпен өтуде. «Таза бейсенбі» жобасының мақсаты айналаны таза ұстап, қоршаған ортаны, табиғатты аялауға, өскелең ұрпақты туған жеріне құрметпен қарауға шақыруға бағытталған. Бүгінгі шараға, тек Ұлан ауданының Таврия ауылында, 150 - ден астам адам қатысып отыр», – деді «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангул Жумадилова.
Ұлан ауданы Таврия ауылдық округінде өткен «Таза бейсенбі» акциясы кезінде 1000-нан астам қап қоқыс жиналды.
Шараға партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері, депутаттар, бастауыш партиялық ұйымдардың мүшелері және облыстық және аудандық партия филиалдарының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
«Ауылымыздың маңайын тазалау үшін бүгін «Таза бейсенбі» акциясына өз үлесімді қосып менде қатысудамын. Тазалықты әр адам өзінен бастауы қажет деп санаймын. Сондықтанда бүгінгі шара өтеді дегенде оған бей-жай қарай алмадым. Біздің еліміздің кез-келген жерінің табиғаты әсем, сол әсем табиғатты қорғау ол біздің азаматтық борышымыз. Осындай игі шаралар мен экологиялық акциялардың апта сайын ұйымдастырылатынын естіп, бұл бастама халық тарапынан қолдауға ие болады деп есептеймін», – дейді Таврия ауылдық округінің тұрғыны Оқан Жарқын.