Былтыр жарысқа 10 аймақтан 50 спортшы қатысса, биыл 12 аймақтан 89 спортшы келген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті даму мәселелеріне ерекше мән беру керек екенін жиі айтады. Осы ретте инклюзивті спортқа мән беру аса маңызды. Қазір елімізде бұл ретте бочча спорты жақсы қарқын ала бастады. Жақында боччадан Қазақстан чемпионаты өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Биылғы жарыста жасөспірімдер арасындағы жекелей сында өз санаттары бойынша Аманай Батхонов, Ульяна Кудинова, Азамат Аманша, Ардақ Алтынбасов және Мадияр Мұратхан жеңіске жетті.
Ал ересектер арасында Балжан Бөлекпаева, Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова, Александр Курмантаев, Аружан Жеңіс, Темірлан Алтынсары, Эльмира Мусралиева және Руслан Ерембаев 1-орын иеленді.
Жұптық сайыста Әлижан Бақытбекұлы, Карим Салимов, Азамат Аязбаев және Эльмира Мусралиева жеңіске жетсе, командалық сында Астана қаласының параспортшылары Итиана Шыңғысханова, Меруерт Тілебалды және Ерхат Алматқа топ жарды.
Былтыр жарысқа 10 аймақтан 50 спортшы қатысса, биыл 12 аймақтан 89 спортшы келген. Жарыстың жабылу салтанатына Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
Оның айтуынша, биылғы біріншілік барлық жағынан әділ таза өткен. Еріктілер де дер кезінде көмектесіп, спортшылардың қасынан табылыпты.
Өз кезегінде федерация басшысы барша атсалысқан ата-аналарға, спортшыларға, ұйымдастырушыларға және демеушілерге өз алғысын айтты.
«Бұл жарыс әлемдік талаптарға сай өтті деп айта аламыз. Жарыстың нәтижесінжде боччаға қызығышушылықтың артып жатқанын көріп жатырмыз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Жарыстан кейін чемпиондардың бірі Қуаныш Асқарбековті сөзге тарттық.
«Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл қатысушылардың саны екі есе өсті. Биыл 4-22 қараша аралығында Бахрейн астанасы Манама қаласында боччадан әлем чемпионаты өтеді. Соған қатысамыз. Енді соған дайындық жүргіземіз. Басты қарсыластарымыз – Қытай, Тайланд және Оңтүстік Корея. Осы үшеуіне бар күшімізді салып, дайындалуымыз керек. Жаттығу процестерін Талдықорғанда өткізіп жүрміз», – дейді Қуаныш Асқарбеков.
Жақында Финляндияның Лахти қаласында өткен сайыста өткен жарыста ұлттық құрамамыздың мүшелері Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова және Александр Құрмантаев алғаш рет қола медаль жеңіп алған болатын.
«Мүмкіндігі шектеулі балалар болғандықтан – олардың күтімі де ерекше. Жай ғана қарапайым тамақ ішуден басталады. Әрқайсысының көңілін таба білуіміз де маңызды. Психологиялық тұрғыдан қуаттандырып отырамыз. Спорттағы бәйге дайындаған секілді ерекше бап керек. Үш айдан бері Қуанышпен өзім айналысып жүрмін. Былтыр күзде Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен пара Азия ойындарына барып келді», – дейді спортшының әкесі Айдос Асқарбеков.
Ол Қазақстан бочча спортының қарқын ала бастағаны тек үш жыл болғанын, әлі де тәжірибе қажет екенін айтып отыр. Мұның бәрі шетелде жарысқа барғанда білінеді екен.
«Шетелде жастары 40-50-ден асқандар қатысады. Олармен бәсекеге түсу оңай емес. Тәжірибе көп нәрсе шешеді. Енді біз жаттығу процесін өзгерттік. Соның арқасында алғашқы көрсеткішімізге қол жеткізді. Финляндияда қола медаль алдық .әрине, кемшіліктер болды. Оны келешекте толықтырамыз», – дейді бапкер.
Оның айтуынша, басында жаттығу аптасына үш рет өткен. Қазір күніне 4 сағаттан бес күн жаттығады екен. Ерекше балалардың иммунитеті әлсіз келеді. Сол себепті екі күн демалыс беріледі.
«Үнемі дәрігерлердің бақылауында болады. Федерацияның да дәрігерлері бар. Әрбір жарысқа барар алдында екі апта оқу-жаттығу жиынын өткіземіз», – дейді Айдос Асқарбеков.
Ол баласы боччамен айналысқалы психологиялық тұрғыдан жақсарғанын да айтып қалды. Жүлделі орын алғандарға стипендия төленеді екен. 2023 жылы Қазақстан чемпионы атанғаны үшін грантқа оқуға түскен және ұлттық құрамаға қабылданған.
«Мұның бәрі адамды рухтандырады. Қосымша стипендиясы бар. Өмірге деген көзқарас, даңғыл жол пайда болған. Алдында тұман болып, көрінбей тұрғанның бәрі жарқырады. Біз қанша мотивация бергенімізбен, өзіңде жігер болмаса қиын. Боччамен айналысқалы Қуаныштың өмірге деген құлшынысы артып, мақсаты пайда болды», – дейді әкесі.