Өзгені құтқарамын деп арбаға таңылған: семейлік Арнұр Искаков Орта Азия бойынша тұңғыш инклюзивті театр ашып, гастрольге шықты

Жұлдыз Әбіл

3 жылда қалалық бюджетке 6 млн табыс әкелген

Qaz365.kz тілшісі «Қанаттылар» инклюзивті театрының негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі, «Active Life» мүгедектер қорының төрағасы Искаков Арнұр Қайнарбекұлынан ерекше театрдың жұмысы жайында сұрап көрді.

ЖАНКЕШТІ ЕРЛІК

2008 жыл. Ол кезде Арнұр Искаков медакадемияның 6-курс студенті  еді. Ең жақын досының туған күнін тойлауға курстастарымен көлге барады. Сол жерде «Көмектесіңдер! Құтқарыңдар!..» деп жанталаса айғайлаған қыздың даусын естіген ол, ышқына жүгіріп, суға секіреді. Қапелімде басымен тасқа соғылып, мойын омыртқасына қатты зақым алады.

2 жыл бойы төсекке таңылып, психологиялық ауыр травманы басынан өткерсе де, рухы мықты Арнұрдың өмірге деген құштарлығы жоғалмаған. Керісінше 12 мүшесі сау бола тұра, сәтсіздіктерге жігері жасып, қиындыққа төтеп бере алмағандарды қанаттандырып келеді.

ТӘЛКЕКТЕН КЕЙІНГІ ТАҒДЫР

Жазатайым оқиғадан соң, оның өмірі мүлде басқа арнаға бұрылды. Дәрігер гинеколог маман оқыс жағдайдан кейін мәдениет саласын жандандыруды қолға алады. Тағдырындағы жазмышты қабылдаған Арнұрдың ендігі мақсаты – театр салу.

«Өмірде біз күтпеген жағдайлар орын алып тұрады. Түсінгенім ешқашан «неліктен?» деген сұрақты қоюға болмайды. Жазатайым оқиғадан кейін жағдайымды жақсарта түсу үшін әрдайым «қалай?» деген сауалмен алға «қадам басып келемін». Құдай маған үлкен мүмкіндіктер берді. Жаңа қабілеттерім ашылды. Ерекше қажеттіліктері бар талантты да өнерлі жандардың басын қосып, Орта Азияда тұңғыш инклюзивті театр аштық. Басшы ретінде көшбасшылық қырымды дамытудамын. Кино түсірдім, кітап жаздым. Бұл жағдай орын алмаса, медицинада жүре беріп, өнер саласында шыңдалмас па едім кім білсін?!. Өмірімде орын алған, алда болатын жағдайдың бәріне шексіз ризамын. Себебі бір Жаратқанның жоспары біздікінен қайырлы», – дейді Арнұр Қайнарбекұлы.

Ол ашқан театрдың атауы да ерекше. «Қанаттылар» деп аталады. «Өмірді сүре біл. Белгісіз болашаққа алаңдамай, өткенге өкінбей, дәл қазіргі сәтті сезін» деп үндейді. Театр ашуды мақсат еткен Арнұр қандай атау қоярын білмей, жақын дос, жанашырларымен ақылдасады. Сонда ақын Гүлнар Салықбай «сенің ватсаптағы суретің көп нәрсені түсіндіреді. Театрды «Қанаттылар» атауымен қойсаңшы» деп идея тастаған көрінеді.

«Ватсап желісінде менің қос қанаттың бейнесі салынған қабырғада арбамен отырған суретім тұр. Оның жоғарысында «егер құстай еркін самғағың келсе, оған риясыз сен!» деген қанатты сөз жазылған. Менің сол сөзге мойын созып, қарап отырған суретім ақын Гүлнар Салықбайға ерекше әсер еткен екен. Бұл сөз талай адамның өмірін өзгертер деген мақсатпен «Қанаттылар» деп атап, оны қостай кеттім. Осылайша жігерлендіретін сөзбен аталып, театрдағы алғашқы спектакліміз де 2021 жылы «Қанаттылар» қойылымымен ашылды. Ал идея негізі 2018 жылы қаланды», – дейді ол.

ЕРЕКШЕ ЖАНДАР НЕНІ ҚАЛАЙДЫ?

Театр – мәдени орда. Әртістердің бір ғана қойылым үшін бірнеше ай күн-түні дайындалатынын көрерменнің бірі білсе, бірі білмейді. Бұл тұрғыда инклюзивті театр өнерпаздарына екі есе дайындық қажет. Себебі мұнда 1,2,3,4-топтағы ерекше жандар өнер көрсетеді.

Арнұр Искаковтың айтуынша, арбамен кетіп бара жатқан жанды көрсе, адамдар аянышпен қарайды. Мақсаты – қоғамда қалыптасқан теріс стереотипті бұзып, жаңа көзқарас қалыптастыру. Ол сол мұратына жетті де!

«Мүсіркеу кімге ұнасын?.. Керісінше біз мүмкіндігіміз шексіз екенін көрсеткіміз келеді. Қайғылы жағдайды ешкім тілеп алмайды. Арбада отырған ерекше жандарды көрсе, ақша беріп, қайыршы санайтындар да жоқ емес. Театр ашудағы мақсатым – өзін мүгедекпін деп тастап жібергендерді қанаттандыру, бар болмысын түкке тұрғысыз санағандардың соншалықты өзі білмейтін таланттарын дүйім жұртқа паш ету, көпке үлгі болу», – дейді. 

Оның тағы бір мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың ортасын дамыту. Себебі Арнұрды құлағы нашар еститіндер өзара, көзі көрмейтіндер бір бөлек, арбадағылардың өзімен тағдырлас жандармен ғана араласатыны қатты қынжылтқан.

«Астанадағы «Жастар» театры жанынан құрылған Орта Азиядағы тұңғыш инклюзивті театрымызда қазір 40-тан астам актер жұмыс істейді. Оның 30-ы – ерекше азаматтар. Онкология, қант диабетімен ауыратын жандар да театрда өнер көрсетеді. Әртістеріміз күніге сағат 10-нан кешкі 6-ға дейін кәсіби мамандармен сахна тілі, хореография, шеберлік сағаттары бойынша жұмыстанып, жаңа қойылымдарға тиянақты дайындалады. Ерекше жандардың ішінде құлағы естімейтіндер мен тіл мүкістігі бар әртістеріміздің ашушаңдығына түсіністікпен қараймын. Ойындағысын жеткізе алмай қиналғанда, сабырымыз сыналып жатады. «Сахна» деген киелі орында сапалы жұмыс көрінуі керек. Шыдамы таусылып жатқан кезде, басшы ретінде әртістерімізді қолдап, ал кейде қайрап алатыным да бар. Аллаға шүкір, біздің ұжым өте ұйымшыл. Ауызбіршілігіміз арта берсін деп тілеймін. Себебі бізді байланыстыратын ортақ мақсаттар көп», – дейді Арнұр. 

 ҚҰНДЫЛЫҚҚА ТОЛЫ ҚОЙЫЛЫМ

Инклюзивті театрдың ашылғанына көп бола қоймаса да, театр актерлері «Жан шуақ» арнайы сыйлығын алып үлгерген. Бұрын бір қойылымға 2-3 айдан артық уақыт кететін болса, қазір кәсіби мамандар небәрі бір ай ішінде спектакльді аяқтап, жаңасына дайындалады. Театрдың «Алло, бұл кім?», «Арман», «Өмір – ғайып», «Күле аласыз ба?», «Екі тағдыр бір ғұмыр» атты спектакльдері көптің көңілінен шығып, оң бағасын да алды.

Бұл туралы өзі:

«Көрермендеріміз қойылымнан ой түйіп, көз жасқа ерік беріп жатады. Мақсатымыз өмірді бағалау, құндылықтарды дәріптеу болғандықтан мемуар емес, сатира жанры да болсын деп, оған да көңіл бөлдік. Біздің лирикалық комедия, драма, автобиография жанрындағы қойылымдарымыз, балаларға арналған спектакльдеріміз де бар. Театрымыздың 3 жылдық тарихында қалалық бюджетке 6 млн табыс әкелдік», – дейді А. Искаков.

Өткен жылы ғана «Ерен еңбегі» медалімен марапатталған Арнұр Искаковқа «тағдырдың жазмышында қиындықты қалай еңсердіңіз? Күш-жігерді қайдан аласыз?» деген сұрағымызға: – «Театр – жанымның емі» деп жауап қатты. Қанша жыл өтсе де, өмірінің соңына дейін өз жолын таппай сабылып, тіршіліктен ғана мән іздеп, бақытсызбын дейтіндер де жоқ емес. Асылында құдай берген қабілетіңді дамытып, өз ісіңді тапқаннан асқан бақыт бар ма?.. Бұл жағынан Арнұр Искаковтың жолы болған. Себебі оның театрдағы әрбір қойылымы сәттерді бағалау мен сезінуге үйретеді.

«Таңертең аман-сау оянып, емін-еркін өзің киініп, жақсы көретін жұмысыңа бару – ғанибет қой! Біздің театрдың қойылымдары денсаулықтың қадірін білуді, салғырт қарамауды үндейді», – дейді ол.

СЕНІМ ШЫҢЫ 

Ойлы адамға көп ішінен оңашаланған өзгеше рахат сыйлайды. Кейіпкеріміз Арнұр Искаков та ойын-сауықтан гөрі, жеке қалып жүрек түбіне бойлағанды жақсы көретінін айтады. Тарихы мыңдаған жылдардан сыр шертетін шежірелі Семейдің тумасы рухани жаңғыруды өскен өлкесінің құдіретімен, ұлттық санасымен қалыптастыра білген. Оған Арнұрдың өзі:

«Мен шығыстың тумасымын. Абай облысында дүниеге келдім. Ата-әжемнің қолында өстім. Қарапайым ауыл тұрмысын көрген қазақтың қара баласымын. Жазатайым оқиға кезінде де оңаша қалып, сырлы Семейімнен көп нәрсе ұққандаймын», – дейді.

Инклюзивті театрдың жұмысын жандандыруды мақсат еткен Арнұр Қайнарбекұлы алғашқы гастрольдік сапарын Ақтөбе қаласынан бастаған екен. Аншлагпен билет сатылып, театр актерлері көрермендердің ыстық ықыласына бөленген. Енді республика бойынша әр өңірге қойылымдарын көрсетуге қызу дайындық үстінде.

«Арбамен арманға» атты кітабын екі ай ішінде жазып шығып, соның желісімен кино түсіріп те үлгерген. Осылайша өзінің саналуан қырын ашуда. «Жігітке жетпіс өнер де аз» демекші, Арнұр Қайнарбекұлы кезінде футболмен айналысқан. Ән айтқанды жақсы көреді.

Оның ендігі арманы – нәрестелі болу, театр салу. Құласа да, мұқалмас ерік-жігерімен көпке үлгі болған Арнұр Искаков пен оның ұжымына толағай табыс тілей отыра, ізгі армандары орындала берсін дейміз!