Түркістан облыстық балалар ауруханасында бірегей ота жасалды

Qaz365.kz редакциясы

Бүлдіршін ыстық майға күйіп, бас терісінің 90%-ы күйік шалған

Түркістан облыстық балалар ауруханасының комбустиолог-мамандары жеті жасар балаға бірегей ота жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бүлдіршін ыстық майға күйіп, бас терісінің 90%-ы күйік шалған. Ол 13 сәуір күні жедел жәрдем қызметімен Арыс қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Науқасқа мамандандырылған көмек көрсету үшін Түркістан облыстық балалар ауруханасынан дәрігерлер шақыртылған. Облыс орталығынан келген білікті мамандар 16 сәуір күні күйік шалған баланы санавиация желісімен Түркістан облыстық балалар ауруханасына ауыстырған.

Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері науқасты отаға бір ай уақыт дайындап, антибактериалды, инфузиялық ем, күнделікті таңып-байлау емдерін жүргізген. 14 мамыр күні 7 жасар баланың басына аутодермапластикалық ота жасалды. Ота кезінде комбустиологтар Шолпан Кадирова және Бақыт Абдуманов баланың сан аймағынан терісін алып, басына тері қондырды. Ота сәтті өтіп, бала үйіне шығарылды. Дәрігерлер алдағы уақытта науқасқа оңалту емі жүргізілетінін жеткізді.