Түлкібасқа түрік профессоры келді

Qaz365.kz редакциясы

Шеберлік сағаты барысында бірнеше ота түрлері жасалды

Түлкібаста түрік профессорының қатысуымен балалар отасына қатысты шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастауымен 9-10 маусым күндері Түлкібаста «Зәр шығару жүйесінің туа біткен және жүре пайда болған патологияларынын емдеудің инновациялық әдістері» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. 

Түлкібас аудандық орталық ауруханасында балалар хирургиясы мен урологиясы бейініндегі дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған шараға Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласындағы «Медикал Парк» клиникасынан профессор Шейхмус Керем Өзел қатысты. 

 

Алғашқы күні бұл іс-шараны басқарма басшысының «Ана мен бала денсаулығын қорғау ісі» жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы М.Мамбетова және Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Е.Орманов ашып беріп, сәттілік тіледі. Іс-шараға облыстың өңірлерінен және Шымкент қаласының қалалық және облыстық балалар ауруханасынан келген хирургтар мен урологтар қатысты. Жиын соңында қатысқан мамандарға арнайы сертификаттар табысталды. 

Шеберлік сағаты барысында бірнеше ота түрлері жасалды. Атап айтқанда, қуық-зәрағар рефлюксіне-видеоцистоскоп арқылы гель енгізу, гипоспадия асқынуын емдеу, крипторхизм асқынуын емдеу. Одан бөлек балалар урологиясы, фетальды хирургия тақырыбында презентациялар жасалып, оталардың видеолары көрсетілді. Сұрақ-жауаптар болды. Түркістан облысының аудандарынан келген 22 балаға кеңестер берілді.

Айта кетейік, негізгі мақсаты – жетекші балалар хирургтарының, урологтарының, бөлім басшыларының күш-жігерін біріктіру, тәжірибе алмасу және жаңа технологиялармен танысу. Шеберлік сағаты соңғы инновацияларды, үрдістерді және мәселелерді, соның ішінде ұйымдастырушылық және технологиялық мәселелерді талқылауға арналған пәнаралық платформаны ұсынды.