Пилоттық жоба болашақ аналардың бойындағы ұрық диагностикасын ерте анықтауға мүмкіндік береді
Түркістан облысында «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан өңіріндегі №2 Облыстық перинаталдық орталығының басшысы Эльмира Кожахметованың сөзінше клиникада жүкті әйелдер бір күнде «бір терезе» қағидаты бойынша пренаталдық диагностиканың барлық түрлерінен өтеді. Сондай-ақ, олар зерттеулердің жылдам әрі дәл нәтижелерін ала алады.
«Пилоттық жоба болашақ аналардың бойындағы ұрық диагностикасын ерте анықтауға мүмкіндік береді. «Бір күндік клиникада» емделу бір күнде өтеді. Жүкті әйелдер тіркелгеннен кейін ультрадыбыстық зерттеуге, әрі қарай, тест тапсыруға жіберіледі. Генетика дәрігерлері соңғы үлгідегі жабдықтың көмегімен жедел қан талдамаларын жасайды. Нәтижелерін анықтау үшін акушер-гинекологтан кеңес алады. Мұнда мамандар адам ағзасындағы хромосомаларды микроскоп арқылы анықтайды. Яғни тұқым қуалайтын аурудың бар жоғын дәл осы қондырығы арқылы білуге болады. Бүгінде елімізде ана мен баланы қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа жоба жүктіліктің ерте кезеңінде ұрықтың жатырішілік патологиясын уақытылы анықтап, дер кезінде емдеуді көздейді. Пренаталдық диагностиканың екінші қадамы жүкті әйелді бақылауды жүзеге асыратын дәрігерден жолдама алу және ұрықты сақтау орталығына бару болып табылады. Барлық зерттеп-қарау жұмыстары «Бір күндік клиника» жобасының шеңберінде тегін жүзеге асырылады», – дейді Эльмира Кожахметова.
Айта кетейік, пилоттық жоба әйелердің жүктілігінің 10-ныншы аптасына дейін есепке алу, тиісті скринингтік ультрадыбыстық зерттеу жүргізу, хромосомалық ауытқуларға тексеру үшін қан алу, т.б. маңызды амалдарды бір күн ішінде әрі тегін жүргізеді. Осылайша, ықтимал патологияларды ерте кезеңде анықтау көзделеді.