«Абайлаңыз, ішкен шайыңыз өңеш рагына апармасын!»: медицина ғалымы Ертай Сәрсебек ғылыми зерттеуін айтып берді

Жұлдыз Әбіл

Жұтқыншақтан жан кетсе, біткен жерің сол

Фото: Qaz365.kz

Озық елдердегідей отандық медицинада да смарт жүйенің тиімділігі артып келеді. Алайда науқастар жаңа инновациялық технология мен диагностикалар дамыған кезде, Құдай сақтасын емес, Құдай берген дәрігерлерге мұқтаж. Оны Ресей медициналық-техникалық ғылым Академиясының академигі, медицина ғылымының докторымен сұхбаттасқанымызда жете түсіндік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

КСРО-ДА АЛҒАШ КҮРДЕЛІ ХИМИЯЛЫҚ СПЕКТРДАЛЬДЫҚ САРАПТАМА ЖАСАҒАН

Бүгінгі кейіпкеріміз саналы ғұмырын медицина саласына арнаған білікті, тәжірибелі профессор.Ертай Сәрсебеков – обыр дерті бойынша диссертация жазып, әлемде жан-жақты зерттеу жасаған екінші адам. Бұған дейін Канатте Дэвис есімді американдық ғалым қатерлі ісіктің эпидемиологиясын терең зерттеген. Ал Ертай Сәрсебеков болса, мұнай мен мұнайбитумдық тектестіктердің бластомендік, нефротоксикалық қасиетіне жылдар бойы сараптамалық-талдау жүргізген. Бүгінде дүние жүзі бойынша осы саланы толық зерттеген К.Дэвистен кейінгі екінші ғалым. Докторлық диссертациясын Н.Н.Петров атындағы Санкт-Петербургтің онкология ғылыми-зерттеу институында сәтті қорғаған Ертай Сәрсебектен отандық медицина ғылымының дамуы мен ғылыми зерттеуі жайында сұраған едік.

Әлемдік экономиканың дамуы – отандық ғылымда инновациялық жобалар мен іргелі ғылыми зерттеулерге негізделетіні белгілі. Мемлекет басшысы бүгінде отандық медицина ғалымдарына үлкен үміт артып отыр. Ел болашағын қалыптастыратын медицинадағы іргелі ғылыми зерттеу бағдарламалары туралы не айтар едіңіз?

Қазіргідей жаһандық дамуда отандық ғылымды дамыту, жандандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Себебі медицина ғылымның негізгі бағыттарын озық технологиялар қалыптастырады. Инновациялық іргелі ғылыми зерттеулердің нәтижесі ғылыми зерттеу бағдарламаларын толықтыра түсетіні айтпаса да түсінікті. Президентіміздің медицина саласы бойынша жаңашылдықты енгізу үшін мемлекеттің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жүйесіне жіті көңіл бөлгені – қазіргі таңда отандық медицинадағы ғылыми кластерлерді дамытуға, зерттеу орталықтарының санын арттыруға алып келді. 

Біз Кеңес кезін көрген, сол заманның ғалымдарымыз. Ал қазіргі жаңа буын, отандық медицинаға инновация әкелетін жас ғалымдардарға Мемлекет басшысы бірегей мүмкіндіктер беріп отыр. Нанотехнологиялар мен жасанды интеллект, заманауи медициналық жабдықтар, ультра детекторлар бәрі де – тіпті кейбір әлемдік ғылыми орталықтарда жоқ денсаулық сақтау саласындағы сапалық параметрлердің дамуын қалыптастыруда. Осы орайда отандық ғылымда еңбек етіп жүрген жас ғалымдардың медицина саласындағы жаһандық сұранысты жандандыруы мен бәсекеге қабілеттілігінің артуы – қысқа мерзім ішінде үздіксіз қаржыландырудың нәтижесінде жүзеге асып отырғанын айта өткен жөн.

Сәйкесінше отандық медицина ғылымында түрлі жобалар көбейіп, жас зерттеушілердің мемлекеттік стратегиялық бағдарламаны сәтті жүзеге асыруына жол ашты. Себебі үкіметтің отандық ғылым мен зерттеуге берген басым бағыты медицина саласының жандануына, қатерлі ісік сынды аулардың алдын алуға құрылған. Жаңа оптикалық технологиялардың, наноэлектрониканың арқасында сапалымедициналық қызмет көрсете алуымыз – отандық медицина ғылымын, денсаулық сақтау деңгейін жаңа деңгейге көтерді.

Абайлаңыз, ішкен шайыңыз – өңеш рагына апармасын!

Ертай мырза, Мәскеудің озық ғылыми-зерттеу институтында қызмет етіп жүріп, шайдың құрамын жан-жақты зерттеген білікті ғалымсыз. Тіпті «шайды жиі тұтыну обыр дертін асқындырады» деп мәлімдеме де жасадыңыз. Осы жайында толығырақ айтып берсеңіз?

Біздің қазақ шайды пештің үстінде сақылдатып қайнатып, терлеп отырып ішкенді жақсы көреді. Атырауда жұмыс істеп жүргенде халықтың электр плитасында қайнаған суға шай салып, бөлек демдеп тағы қайнататынын көрдік. Мен қара, көк шай мен сүтті шайды зерттедім. Мәскеуде орналасқан онкологиялық орталықтағылабораторияда қайнаған шайда канцерогендік заттардың көп бөлінетінін анықтадым. Ал оны бұқтырып қойса, тіпті көбейеді. Егер оған сүт қосса, оны ерітіп, екі есе артады. Бір қызығы, көк шайда бұл тым азырақ.

Дәл осы ғылыми зерттеуіңіз медицина саласындағы ең танымал «Вопросы питания» журналына жарияланғанын білеміз. Мақалаңыз өңеш обырына жеткізбеуге қатысты болды. Интубация жайында тарқатып айтсаңыз?

Орынды сауал. Қатерлі ісіктің ішінде дәл өңеш обыры – ең күрделі жасалатын ота түрі. Емдеу әдісінде химиотерапияның өзі дәрменсіз. Өңештегі дегенерация мен дистрофия – асқынған  қалпы. Ол кезде өңеш тарылған жерге түтікше қойып, интубация жасалады. Бұл ұзақ жасалатын қауіпті ота түрі. Сондықтан диагностика жасалғанда да, оны дұрыс оқи алатын онколог мықты маман болуы керек. Өңеш – түтікше тәрізді. Өте ыстық тағамдар мен сусындарды, сүйегі майда балықтарды, алкогольді заттарды тұтынуға болмайды. Себебі өңеш 3 қабаттан тұрады. Ішкі кілегейлі қабыршық, ортаңғы бұлшық ет, сыртқы сіңірлі қабат. Лимфа тамырлары өңештің 3 қабатында да дамиды. Егер қандай да бір зияндық келсе, өңеш обыры барлық бағытта өршіп, метастаз береді. Сондықтан қатты ыстық ішуден сақтану керек. Ыстық күні дене температурасы да көтерілетін егде жастағылардың өңеші күйгенше ыстық шай ішуін құптамаймын. Өйткені жұтқыншақтан жан кетсе, біткен жерің сол. 

«Нәр» сусынын кімдер ішу керек?

Сіз ашқан ғылыми жаңалықтың бірі – «Нәр» деп аталатын сусын. Осыған байланысты кейін «өңеш рагының пайда болуындағы тұрмыстық және кәсіптік факторлардың әсері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация да жаздыңыз. Халықаралық патент алған жобаңыз жайында білгіміз келеді

«Нәр» деп аталатын ғылыми жобамды жасауға әрине бірнеше жылдарым кетті. Бұл халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында ойлап табылды. Құрамы ерекше «Нәр» сусынының негізі – уыздан тұрады. Айран секілді қоймалжың. Шай ішкенді жақсы көретін қазақ еліне таптырмас құнарлы, пайдалы өнім. Себебі ол Қазақстанда өсетін қара жүзімнің дәнінен жасалады. Қарапайым жұртағзаға қорек беретін қажетті дәрумендердің барлығы сол кішкентай дәнде жасырылғанын біле бермейді. Қара жүзімді жеміс ретінде халық тұтынғанымен, оның дәнін лақтырып тастайды. Ал зерттеу жасағанда ең негізгі дәруменнің сол дәннен шығатынын анықтаған болатынбыз. Осылайша жобамызға халықаралық патент беріліп, 2017 жылы Мемлекеттік сыйлық алдық.  

Өзге ұлтқа өзгеше күтім керек!

Академиктің айтуынша, әр ұлттың ішектегі микрофлорасы әртүрлі. Біздің ағзамыз қажет ететін тағамдарды, өзге ұлттар қорыта алмайды. Сондықтан әлемде «денсаулықтың кепілі ретінде бір ғана өнім – барлығына бірдей қолдануға жарамды» деген жаңсақ пікірден аулақ болғанымыз абзал.

Қазақтар мен еуропалықтардың микробиологиялық қасиетін зерттеп, басқа ұлттың ас қорыту жүйесі біздікімен бірдей емес деген тұжырым жасадыңыз. Осы жайында кеңінен тарқатсаңыз?

Зерттеу жұмыс барысында қазақтар мен еуропалықтардың ішек микрофлорасы әртүрлі екеніне көзім жетті. Мысалы, ет – ұзақ қорытылатын ауыр тағам түрі. Соған қарамастан қазақтар мөлшерден тыс көп жеп қоймаса да, ауырсынбайды. Ал еуропалықтарға шөп-шалам жеген тиімді. Сол сияқты үндістер де қазақтар секілді сүт тағамдарын оңай іше алмайды. Құрамында лактоза болғандықтан, үндістергеқорыту қиындық тудырады. Денсаулықтың кепілін іздеп, қазір түрлі дәрумендер, аскөктен пайдалы шырындарды үйде қолдан жасайтындар көп. Бірақ ол қазақтардың ішек микрофлорасына келе бермейді. Мәселен, қытайлардың киноларында шарапты сіміріп ішетінін көрген халқымыз, бізге де болады деп ойлайды. Негізінен, қазақтарда «алкалаза» деген фермент жоқ. Сол үшін де сылқия тойса, көтере алмай, ісінен айырылып жатады. 

Микрофлора жұмысы жайсыздық туғызбау керек

Әрбір адам ас қорыту жүйесінің микрофлорасын оңай анықтай алады. Қандай да бір тағамды жегенде, лоқсу, диарея, не ішекте жайсыздықты байқаса, сол тағам түрін келесіде қолданбағаны жөн. Онкологиялық диспансерде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген Ертай Қожахметұлы асты ауызға салмай тұрып, сол тағамның ас қорытуына қалай әсер ететінін саналы түрде түсінуі қажет дегенді айтады.

«Өзі тойса да, көзі тоймайды» деген мәтел бар. Кейде өз нормасынан не қызығушылықпен жеп қойып, өзіне кесел жасайтын пациенттеріміз бар. Онкологияның екінші орнында жүрек аурулары тұр. Одан кейінгі қан диабеті де сол тағамның тәттілігіне деген тәуелділіктен болады», – дейді ол.

Ерекше диагноздар көбейіп барады

Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде орта жас – 80 жастан 70 жасқа дейін түскен. Санкт-Петербургтің онкология ғылыми-зерттеу институында ұзақ жылдар бойы сараптама жасап,Мәскеудің қатерлі ісіктен айықтыратын орталықтарында тәжірибе жинаған ғалымның айтары көп. КСРО-ның майталман мамандарынан дәріс алып, өзі де мәртебелі қызмет еткен Ертай Қожахметұлын – қазақтан шыққан медицинаның атасы деуге әбден болады.

Себебі ол – Гиппократ антына адал жан. Жылдар бойғы зерттеу жұмыстары онкологиямен байланысты болғандықтан, елімізде осы дерттің дендемегенін қалайды.

Ғылыми жобаңызда қант диабетімен ауыратын науқастарға бірқатар кеңес ұсындыңыз. Дәрігерлер мұны обыр дертінен де қауіпті дейді. Бұл қаншалықты рас? Статистика не дейді?

Елімізде жыл өткен сайын қант диабетімен ауыратындар саны артып келеді. Тәуелсіздік алған отыз жылда осы дертке шалдыққандар 45 есе өскен. Артық салмағы көбейген жандар тіпті көп. Қант диабетімен әлемде 2,5 млн адам ауыратынын ескерсек, біздің елде 442 мың науқас бар. Қазір тіпті кішкентай балалардың да қант нормасы тым жоғары. Ол тәтті шоколад, йогуртты жиі бергеннен болады. Түрлі энергетикалық сусындар да – соның жауы. Ол себепті де дәрігерлерғылыми зерттеуінде әлем бойынша мұны қатерлі ісіктен де қауіпті деп дабыл қағып отыр. Ересек адамдардың өзі бұл дертті қолдан жасап отыр. Ал балаларда жастайынан инсулин жұмысының бұзылуы – ел болашағына үлкен қауіп әкеледі. Бұны тоқтату керек. Одан соң, қазір Қазақстанда ерекше ауруғашалдыққан балалар жетерлік. Диагнозы «Альбинос» деп аталады. Сүйегі сынғыш, омыртқасы ұстамайтын балалардың емінің бір ампуласы миллиондаған қаражатты қажет етеді. Министрлік осы мәселенің қолға алып, шешім тапқанын қалаймыз.