Қазақ тілінде дыбысталған фильмге сұраныс өте жоғары
«Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол қазақ тілінде дыбысталған фильмге сұраныс өте жоғары екенін атап өтті.
«Қазақ тілі» қоғамының қолдауымен көрсетіліп жатқан Disney және Pixar студияларының «Ойжұмбақ 2» анимациялық оқиғасы Қазақстанды жаулап алды! Өткен демалыс күндерінің қорытындысы бойынша (13-16 маусым) «Ойжұмбақ 2» осы уақытқа дейін қазақ тіліне аударылып көрсетілген барлық фильмнен асып түсті. Нақтырақ айтсақ, кассалық табыс үлесі 10 пайызға жақын. Салыстыру үшін бұған дейінгі ең сәтті фильм – Аватар (Су жолы) үлесі 5 пайыз жинаса, басқалары 2-3 пайызда аспаған. Біз барған, сенбі күнгі, сағат 17.00-дегі көрсетілімде ине шаншыр жер болмады. Жалпы Disney мен Pixar-дың қазақ және орыс тілдеріндегі «Ойжұмбақ 2» / «Головоломка 2» фильмі Қазақстан мен ТМД елдеріндегі кассалар кестесінде бірінші орында», - деп жазды «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Айта кетейік, Qaz365.kz ақпарат агенттігі қазақша дубляжды қолдау мақсатында алматылық балалар мен жасөспірімдерге тегін билеттерді тарту етті. Агенттік бастамасымен көпбалалы отбасылардың 160-тан астам баласы фильмді бірге тамашалады.