Қандай жағдайда медициналық мекемелерге жүгіну керек – дәрігер кеңесі

Qaz365.kz редакциясы

Жуырда ғана Түркістан облысында бір жасар баланың тыныс алу жолынан тауықтың сүйегі алынған болатын

Түркістан облысындағы балалар ауруханасының дәрігер-эндоскописты Бабур Рахманқұлов бүгінде балалардың тыныс алу жолы мен асқазанына түрлі заттар түсіп кетіп, олардың ауыр жағдайда қалатындығын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жуырда ғана Түркістан облысында бір жасар баланың тыныс алу жолынан тауықтың сүйегі алынған болатын. Өңірдегі «Мақтарал» орталық ауруханасына ауыр халде жеткізілген сәби бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Одан кейін ғана облыстық балалар ауруханасының балалар торакальды хирургы мен реаниматологы ауруханасына ауыстырылған. Осы ретте балалар дәрігері Бабур Рахманқұлов баланың тыныс алу жолындағы затты алып, дер кезінде емдік шараларын жасаған. Сондай-ақ, ол ата-аналарға бала белгісіз затты жұтып қойған жағдайда, бірден дәрігерлерге келіп көрінуге кеңес береді.

«Бүгінде балалардың асқазан ішек жолдары мен тыныс алу жолдарына бөгде заттардың кетіп қалуы жиілеген. Одан бөлек, балаларда көбінесе улы заттарды, оның ішінде ыдыс, киім жуатын химиялық заттарды ішіп қою жиі кездеседі. Соның салдарынан балалардың өңеші күйіп, мүгедек болып қалған балаларда бар. Біздің өңір бала саны көп өңірлердің бірі. Сол үшінде түркістандық ата-аналарға айтатын кеңесеміз бала үшін үйдегі майда ойыншықтар мен улы заттар зиян. Құрметті ата-аналар абай болыңыздар, бала өскенше оның ішкен суы мен жеген тамағына да мән беруіңіз керек», – дейді Бабур Рахманқұлов.

Айта кетсек, Бабур Рахманқұлов Түркістан облыстық балалар ауруханасында 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде бірінші санаттағы хирург-эндоскопист дәрігері. Сонымен қатар, ол 2016 жылы Оңтүстік Корея елінде эндоскопия және гастроэнторология мамандығы бойынша өндірістік тәжіриебеден өткен екен.