Түркістандық қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа еліміздің бас хирургы ота жасады

Qaz365.kz редакциясы

Алғашқы отада жасы 60-тан асқан тұрғынның ауруы асқынып кеткен

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында науқастың қатерлі дертіне ота жасалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шеберлік сабағы аясында өткен отаны Қазақстан Республикасының бас хирургі  м.ғ.д., профессор, ҰҒА академигі Болатбек Баймаханов өткізді. 

«Алғашқы отада жасы 60-тан асқан тұрғынның ауруы асқынып кеткен. Сондықтан төрт ағзасын алуға тура келген. Жалпы ота ұйқы безінің басының қатерлі ісігінде, жалпы өт жолының терминальді бөлімінің ісігінде, он екі елі ішектің үлкен папиллярының және он екі елі ішек ісігі кезінде жасалды. Ота кезінде ұйқы безінің 50 пайызы, азқазанның екіден үш бөлігі, он екі елі ішек пен аш ішектің басым бөлігі және өт жолдары алынды. Сондай-ақ, науқаста дене сарғаюы пайда болған, қосымша тексерулер нәтижесінде құрсақ қуысының МРТ-да холедохтың терминальді бөлігінің, фатер түтігінде ісік анықталды. Фатер түтігінің қатерлі ісігі он екі елі ішектің бір бөлігіне әсер ететін қатерлі ісік болып табылады. Науқастың жағдайы отадан соң тұрақты, реанимация бөліміне ауысуға дайын. Мұндай күрделі оталар еліміздің үлкен қалаларында ғана жасалынатын. Ал, енді Түркістан облысында да жасауға мүмкіндік бар. Бүгінде мұндай оталар еліміздің үлкен қалаларында күнделікті жасалынады. Өткізіліп жатқан шеберлік сабақтары Түркістан облысындағы хирург дәрігерлер үшін өте пайдалы болды деген үміттемін»,, – деді бас хирург Болатбек Баймаханов.

Айта кетсек, алдағы уақытта Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының көмегімен бауыр циррозымен ауыратын науқастарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұйымдастырылмақ. Оның ішінде бауыр трансплантациясы отасын дамыту мақсатында, отандық және шетелдік мамандардың көмегімен  шеберлік сабақтарын өткізу жоспарлануда.