Таза Қазақстан: түркістандықтар сенбілікке шығып 26 аумақты тазалады

Qaz365.kz редакциясы

Мыңға жуық адам адам қатысты

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістандықтар бүгін сенбілікке шығып, 26 аумақты тазалады. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында жалғасын тапқан тазалық шарасына шаһар тұрғындары мен еріктілер белсене атсалысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мыңға жуық адам көше бойларын тазартып, жиналған қоқысты, кесілген ағаштарды тасымалдауға коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен 20-дан астам техника жұмылдырылды. Қураған өскіндерді қырқуға 50 арнайы техника бөлінді. 

Сенбілікке қатысқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков тазалық жұмыстарын аралап тексерді. Шаһар басшысы ұлттық жоба аясында бекітілген тапсырма-жоспардың орындалуын жеке қадағалайтынын айтып, сектор басшыларына көпқабатты үйлердің аулаларын күтіп-ұстауда әрі тазалық шараларын ұйымдастыруда Мүлік иелері бірлестігінің белсенділігін арттыру қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл республика бойынша бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.

«Таза өлке». Бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалайды.

«Киелі мекен». Екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады.

«Жасыл аймақ». Үшінші аптада көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі.

«Өнегелі ұрпақ». Акцияның төртінші аптасында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделеді.

«Мөлдір бұлақ». Акцияның қорытынды, бесінші аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.