Жанұзақ ауылы бұл жолы «Ең таза ауыл» байқауының жеңімпазы атанды
Биылғы көктемде бастау алған «Таза Қазақстан» эколгиялық акциясы аясында облыс бойынша Ұлан ауданы ең көп тазалық жұмыстарын жүргізген екен. Тазалық акциясының шеңберінде өткен «Ең таза ауыл» шарасын қортындылап, жеңімпаз ауылға 10 млн теңгенің сертификатын табыс етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін Ұлан ауданы бойынша ішімдіктен бас тартқан Жанұзақ ауылы бұл жолы «Ең таза ауыл» байқауының жеңімпазы атанды.
“Таза Қазақстан экологиялық акциясы аясында ауданымыздағы демалыс орындарында, киелі жерлерде және ауылдарда тазалық жұмыстары жүргізіліп, бірнеше мыңдаған көшеттер отырғызылды. Біз осы акция аясында «Ең таза ауыл» байқауын жариялаған болатынбыз. Бұған дейін ішімдіктен бас тартқандығы үшін танылған Жанұзақ бұл жолы ауданымыздағы 45 ауылдың ішінен жеңімпаз атанып отыр. Бұл ауылдың халқы өте берекелі, ұйымшыл. Кішкентай баладан қалтылдаған қарияға дейін тазалық жұмысына ат салысып, ауылдың ішін ғана емес, маңындағы су ағарларды, өзен-көлдерді де тазалады. Жеңімапза ауылға аудандық мәслихаттың шешімімен 10 млн теңге ақшалай сыйақы тағайындап отырмыз”, – дейді Ұлан ауданының әкімі Думан Рахметқалиев.
Тазалық акциясы аясында қоржынға түскен қаржыны ақсақалдарымен әкімшілік өкілдері ақылдаса отырып, алдағы уақытта ауылдың қажетіне жарататындарын айтты.
“Біздің ауылдың тұрғындарының берекесі мығым болғандықтан, мерекесі де тарқаған емес. Сонау тоқсаныншы жылдары бүкіл ауылдың адамдары қалаға қарай ағылып, көпшілігі базар жағалап кеткенде біздің ауылдан ешкім көшпеді. Осылай ауылда аман сақтап қалдық. Ал бұған дейін ауыл болып ішімдіктен бас тартқан болсақ, енді бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауылымыз жеңімпаз атанып жатыр. Бұл да береке мен бірліктің арқасы”, – дейді ауыл ақсақалы Тұрсынбек Сағындықов.
Осылай көшесі де көңілі де таза Жанұзақ ауылы еліміз бойынша өтіп жатқан экологиялық акцияға белсене қатысып, жеңімпаз атанып, өздерін өзгеге өнеге ретінде көрсете білді.