1,5 жылда қазақ тілін үйренем деген министр мемлекеттік тілді дамытпақшы

Qaz365.kz редакциясы

Ресейде туған министр былтыр күзде 18 айда қазақ тілін үйренуге уәде берген еді

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бүгін «Қазақ тілі» қоғамы мен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Министр Қанат Шарлапаев және сала мамандармен бірге мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жобалар мен іс-шараларды талқыладық, жоспар құрып, ортақ атқаратын жұмыстар туралы келістік. 
Мақсатымыз – құрылыс, коммуналдық шаруашылық, өндіріс және геология салаларындағы мемлекеттік тілдің қолданысын реттеу, барынша кеңейту. 
Бұл өте ауқымды жұмыс кезең-кезеңімен іске асырылады»,- дейді  «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Ол ең алдымен осы салаларда қолданылып жүрген заңнаманың қазақ тіліндегі нұсқасын мұқият сараптау, ондағы салалық ұғым, түсінік, терминдерді жүйелеу деп отыр. 


«Бұдан кейін, салалық құжаттар, шарттар мен ережелерді қазақшалау жұмысын бастаймыз. Осындай жан-жақты, жүйелі дайындық негізінде саладағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге нақты қадамдар жасалмақ. Қазіргі құрылыс және өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаевпен осыдан 2-3 жыл бұрын таныстық. Ресейде туып өсіп, көп жылдар батыста оқу мен қызметте болған Қанат мырза ол кезде Қазақстанға енді келіп жатты. Келе сала ана тілін оқуға кірісті. 
Енді, міне, қазақша еркін тілдесіп, күрделі ойларды ұғынықты жеткізіп отыр. 
Қанат Бисимбайұлының көпке үлгі болар азаматтығына ризамыз! Тілге жанашыр қайраткерлігіне зор үміт артамыз», - дейді қор басшысы.

Айта кетейік, Ресейде туған министр былтыр күзде 18 айда қазақ тілін үйренуге уәде берген еді.