Оңтүстіктен шығысқа көш келді

Qaz365.kz редакциясы

Биыл қоныс аударуға біржолғы субсидия 70 айлық есептік көрсеткішке тең

2024 жылдың соңына дейін қандастар мен қоныс аударушылар арасынан 651 адам Шығыс Қазақстан облысына көшуді жоспарлап отыр. Бүгінде 5 отбасы қоныс аударып үлгерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“Бүгінгі таңда еліміздің оңтүстік өңірлерінен бес отбасы Марқакөл ауданы, Ақбұлақ ауылына көшіп жатыр. Олармен бірге бағдарламаның шарттарымен танысу үшін тағы бес отбасы келеді. Олар да көшу туралы шешім қабылдайды деп үміттенеміз”, – деді ШҚО еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Әсел Қайырбекова. 

Мұның бәрі оңтүстік өңірдегі бос орындар жәрмеңкесінен басталды, онда ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері Шығыс Қазақстанға қоныс аударушылар бағдарламасының шарттары туралы айтып берді.

“Мамыр айында Марқакөл ауданын аралап, ауылдарды көріп қайтқан болатынбыз. Сол жолы Ақбұлақ ауылы ұнады, мамандығым бойынша жұмыс та табылды. Сондықтан да отбасымызбен ақылдасып, түбегейлі көшіп келдік. Бес балам бар, үшеуі мектепте оқыса, біреуі балабақшаға барады. Енді біреуі колледжіге оқуға түспек. Өзім химия және биология пәнінен сабақ беретін ұстазбын. Алла қаласа, енді шығыстың тұрғыны атанатын боламыз”, – дейді Түркістан облысының тұрғыны Мереке Еңлібекова. 

Биыл қоныс аударуға біржолғы субсидия 70 айлық есептік көрсеткішке тең. Яғни отбасының әрбір мүшесіне  258 440 тенгеден төленеді. Сонымен қатар, отбасылар үшін тұрғын үй құнының 50 пайызын өтейтін сертификат та қарастырылған.

Келісімшарттың талаптарына мыналар кіреді: жұмысқа орналасу, қоныс аударатын жерлерде кемінде бес жыл тұру. ШҚО еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Әсел Қайырбекованың айтуынша, егер осы кезеңде олар ШҚО-дан көшкісі келсе, онда алынған барлық қаражат мемлекетке қайтарылуы тиіс.