Несие алу үшін жұбайының келісімі болуы керек: талаптар өзгерді

Qaz365.kz редакциясы

Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған

Фото: freepik

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жұбайының келісімі қажет болатын кредиттің немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшерін бекіту және келісімді алу қағидалары туралы қаулы жобасын әзірледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

«Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (1 АЕК – 3692 теңге) банк қарызы немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын тұтынушылық банктік қарыздың немесе тұтынушылық микрокредиттің ең төменгі мөлшері бекітілсін», - делінген қаулы жобасында.

Яғни несие сомасы 3 692 000 теңгеге тең немесе одан асса, күйеуінің немесе әйелінің келісімі қажет болады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түсіндіргендей, кредит берерде отбасының бұған дейін алған және төлеп жатқан қарыздары ескеріледі. Мәселен, ерлі-зайыптының 500 АЕК (1 846 000 теңге) кредиті болса, күйеуі банктен тағы 500 АЕК несие алғысы келсе, онда міндетті түрде әйелі оған өз келісімін беруі қажет.

Банк жеке тұлғаға кредит беру туралы шешім қабылдағаннан кейін азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесі арқылы оның жұбайы туралы ақпаратты тексереді.

Жұбайының келісімі жазбаша еркін нысанда қағазда не электронды түрде ресімделеді.

Келісімде мына мәліметтер көрсетіледі:

  • келісімнің ресімделген күні;
  • клиент және оның жұбайы  туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және жеке сәйкестендіру нөмірі;
  • кредит туралы мәліметтер: сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің көлемі (жылдық пайызбен не белгіленген сомада), дұрыс, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеу арқылы сыйақы мөлшерлемесінің көлемі.

Қағазға жазылған келісімге клиенттің жұбайы немесе оның нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде әрекет ететін сенім білдірілген адамы қол қояды. Ал электронды келісім кредитордың қашықтан қызмет көрсету бағдарламалық қамтылымы не клиенттің жұбайын биометриялық идентификаттауды қамтамасыз ете отырып, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беріледі.

Электронды келісімді клиенттің жұбайы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы келісімді алған уақыттан бастап 48 сағат ішінде куәландырады.

Осы қаулы 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қаулы жобасы 24 шілдеге дейін қоғам талқысында болады.