Түркістанда бүлдіршіннің саусағына күрделі ота жасалды

Qaz365.kz редакциясы

Бүлдіршін бес ай ем қабылдаған

Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері саусағын еттартқыш шайнап кеткен бүлдіршінге бірнеше күрделі ота жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан облыстық балалар ауруханасындағы білікті дәрігерлер Ғалым Байтөре мен Нұрлыбек Оралбаев үш жасар қыздың қатты зақымдалған қолына ота жасады. Дәрігерлер бүгінге дейін кішкентай науқасқа үш рет ота жасап, зақымданған саусақтарын аман алып қалды. Медицина қызметкерлері бүлдіршінге екі рет нэкректомия және тері алмастыру отасын жасап, зақымданған саусақтарын хирургиялық жолмен қайта қалпына келтіріп берді.

«Баланың түскен кезде жағдайы ауыр болды. Саусақтарындағы тамырлары мен терілері зақымданған. Соған қарамастан барынша қалпына келтіруге тырыстық. Оқыс жағдай 2024 жылдың наурыз айында орын алды. Бала ас үйде анасының жанында жүрген кезде электронды еттартқыш баланың қолын тартып кеткен. Науқасқа алғашқы медециналық көмек Сайрам ауданындағы ауруханада көрсетіліп, ота жасалынған. Одан соң, Түркістан облыстық балалар ауруханасына санавиация желісімен ауыстырылып келіп, екінші және үшінші оталар өткізілді. Бүлдіршін бес айдан бері ауруханада ем қабылдады. Бастапқыда бала ауруханаға қолы еттартқышқа кептелген күйінде жеткізілген болатын. Науқастың үш саусағына зақым келген, бүгінде екі саусағының іс қимылдары қалыпқа келіп жатыр. Жағдайы қанағаттанарлық, үшінші саусақтың қимылдап, жұмыс жасауы үшін әлі де уақыт қажет», – дейді Түркістан облыстық балалар ауруханасының травматолог дәрігері Ғалым Байтөре.

Айта кетсек, некректомия – жараларды хирургиялық жолмен емдеудің бір кезеңі. Әдетте бұл процедура сүйек, буын туберкулезіне және іріңді жараларды хирургиялық емдеуге қолданылады.