Қызбалаларды вакцинациялау ата-анасының келісімімен жүргізіледі: Дәрігер кеңесі

Qaz365.kz редакциясы

Вакцина тегін негізде білім беру ұйымдарының егу кабинеттері арқылы қолжетімді болады

Фото: ашық дереккөзден

Бүгінде адам папилломасына қарсы вакцинациялау 135 елдің ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Бахтыораз Мизамұлының сөзінше Қазақстанда жатыр мойны обыры  әйелдерде таралған онкопатологиялар арасында, сүт безі обырынан кейін 2-ші орында тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 95%-дан астам жағдайда жатыр мойны обырын (ЖМО) адам папилломавирусы тудырады. Бүгінгі күндері адам папилломасына қарсы вакцинациялау 135 елдің ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілген. Осы ретте елімізде профилактикалық екпелер жүргізілетін инфекциялық аурулар тізіміне 11 жастағы қыздарды АПВ-на қарсы вакцинациялау енгізілді. Бұл жас ДДҰ, онкологтардың ұсыныстарына сәйкес таңдалды. Себебі 11-14 жас аралығындағы иммундау ересек жасқа қарағанда тиімді, себебі тұрақты иммунитет қалыптасады. Вакцина тегін негізде білім беру ұйымдарының егу кабинеттері арқылы қолжетімді болады. Сондай-ақ, ата-аналардың өтініші бойынша вакцинацияны тіркелген жері бойынша емханаларда жүзеге асырылады. ҚР ДСМ-нің бұйрығына сәйкес қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау  2024 жылдың 3 тоқсаны, қыркүйек айынан бастап жүргізілетін болады.

Бүгінде осы ауқымды іс-шараны Түркістан облысында жүзеге асыру мақсатында арнайы  кешенді жоспар мен бірлескен бұйрықтар дайындалып, бекітілді. Облыс әкімшілігінің қолдауымен медицина және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер тарапынан бірқатар  ұйымдастыру әдістемелік жұмыстар жүргізілуде. Басымдық  бағыт тұрғындар арасында жүргізілетін  санитарлық ағарту – түсіндіру жұмыстарына берілген.