Павлодар тұрғыны криптоалаяқтарға 19 млн теңгесін қолды еткен

Qaz365.kz редакциясы

Жапа шегуші ер адам табысын арттырмақ болған

overclocers.ru

 

Табысын арттырмақ болған павлодарлық тұрғын криптоалаяқтарға 19 млн аса қаржысын қолды еткен, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз мәліметіне сүйеніп.

Бірнеше күн бұрын Павлодар қаласының полициясына ер адам жүгінген. Ол белгісіз тұлғалардың ақпараттық жүйелер арқылы оның 19 млн 475 мың теңге сомасында ақшасын иемденгенін айтты.

Жапа шегуші ер адам Instagram әлеуметтік желісінде өзін “Қаржы академиясы” деп атаған аккаунттардың бірі криптовалютадан ақша тапқысы келетін адамдарды оқуға қабылдайтыны туралы хабарландыруды көргенін айтты. Ер адам хабарландыруға жауап беріп, өзінің байланыс деректерін қалдырған. Кейін белгісіз адамдар оған Telegram әлеуметтік желісі арқылы хабарласқан. Оператор оқуға уақыт жұмсамай-ақ, үлкен табыс әкелетін бағдарламаға қатысуды ұсынды. Ол үшін “Binance”-та электронды әмиян ашып, сол жерде шотты толтыру жеткілікті екенін айтқан.

Ер адам кеңестерге құлақ асып, 5500 долларды бірден салады. Содан кейін оператор қыздың кеңестеріне сүйене отырып, бұл ақшаны “Metamask” бағдарламасына аударған. Кейін оның шотын кураторлар ұлғайтып 38 939 долларға жеткізген. Алайда оператор қыздың айтуынша, барлық депозитті алу үшін ер адам “өтімділікке қосымша төлем” тастауы керек болған. Оның құны да 5500 долларды құраған. Пайдаланушы бұл талапты амалсыз орындауға тура келген. Оператор бұл әрекетті шот ашылғанға дейін және көбейген қаражатты шешіп алуға қол жетімді болғанша қайталау қажет деп сендірген.

Павлодарлық бұл операцияны 6 рет дәл осындай сомаға жасайды. Осыдан кейін ғана куратор ақша жеткілікті екенін және жақын арада оған 78 000 доллар аударылатынын айтты. Бірақ, оның күткенімен ер адамға армандаған ақша түспеген. Біраз уақыттан кейін оған басқа елдің белгісіз нөмірінен қайта қоңырау шалып, тағы 2500 доллар салық төлеу керек екенін айтыпты. Қалаған мақсатқа жетуге тырысып, өскен сомасын ала қоймақшы болған азамат “салықты” да төлеп жібереді. Алайда, оның шотқа салған барлық ақшасы бірден жойылады.Содан кейін ғана Павлодар тұрғыны алаяқтардың құрған тұзағына ілінгенін түсініп, полициядан көмек сұрап келген.

“Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары қаскөйлердің жеке басын және орналасқан жерін анықтау шараларын қабылдап жатыр. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр”, ‒ делінген министрлік хабарламасында .

Айта кетейік, биыл Павлодар облысында 1511 алаяқтық фактісі тіркелген, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдаланумен жасалғаны – 1057.