Түркістан: 5 айда облыс халқына 15 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетілген

Qaz365.kz редакциясы

Бас дәрігерлер мен сала жетекшілеріне халықтың денсаулығын сақтау бағытындағы жұмысты жүйелеу тапсырылды

Түркістан облысында өткен облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алқа мәжілісінде денсаулық сақтау саласының кемшіліктері мен мәселелері ашық айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жиынға денсаулық сақтау мекемелерінің бас дәрігерлері, басқарма қызметкерлері, сала мамандары қатысты. Жиынды Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев жүргізді. Денсаулық сақтау саласының түрлі бағыттарына жауапты басшыларының баяндамалары мен есептері тыңдалды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бас дәрігерлер мен сала жетекшілеріне халықтың денсаулығын сақтау бағытындағы жұмысты күшейтуді, жүйелеуді тапсырды. 

«2024 жылы денсаулық сақтау басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдары тіркелген халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Бүгін штаттан тыс бас мамандардың баяндамалары тыңдалды. Медициналық ұйымдар халыққа сапалы қызмет көрсетсін. Әсіресе, жекеменшік мекемелерге шағымдар бар. Жұмысты ширатыңыздар. Баяндамадағы туындаған мәселелерді шешу бойынша Денсаулық сақтау басқармасы іс-шара жоспарын құрып, тиісті жұмыс жүргізілсін, – деді Бейсенбай Тәжібаев. 

Айта кетейік, Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым және 130 жекеменшік мекеме, оның ішінде 36 емхана кіреді. Барлық медициналық мекемеге 2 млн 60 мың адам тіркелген. Медициналық ұйымдарда 35 714,75 қызметкер жұмыс істейді. Биылғы 5 айда облыс халқына 15307002 клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетіліп, 307812 жедел жәрдем шақыртуы, 784 санавиация шақыртуы бойынша жұмыс жүргізілді. 5 миллионнан астам амбулаторлық көмек көрсетілген.