Тұрғындары жиі күйзеліске ұшырайтын ірі қалалар белгілі болды

Qaz365.kz редакциясы

Әлеуметтанушылар әлеуметтік желідегі екі миллион жазбаны зерттеді

Фото: shock / Depositphotos

PLoS ONE журналында халықаралық зерттеушілер тобының екі миллионға жуық твиттерді талдаған мақаласы жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz . Оларды 2016 жылдың қыркүйек айының басынан 2017 жылдың тамыз айының соңына дейін Лондон мен Сан-Франциско қалаларының 200 мыңнан астам тұрғыны жариялаған.
Ашу, жиіркеніш, қорқыныш, қайғы, қуаныш, таңдану сынды т.б. әртүрлі эмоция мегаполистің қай жерінде жиі сезілетіні ғалымдарды қызықтырған. 

Екі алып шаһардың тұрғындарының қала ішіндегі көлік пен қозғалысқа қатысты жерлерде, яғни аялдамаларда, теміржол вокзалдарында, автомобиль жолдары мен қиылыстарда көбірек ашуланып, ызаланатыны белгілі болды. Ал кафелер, мейрамханалар мен қонақүйлерден салынған твиттер жағымды эмоцияларға толы.


Алайда жасанды интеллект кейбір айырмашылықтарды да анықтады. Сөйтсе, Сан-Франциско тұрғындарының ең жек көретін орындарының тізіміне жылжымайтын мүлік агенттіктері, құрылыс дүкендері және сақтандыру кеңселері кіреді екен.
Көлік кептелісінің жиілігіне байланысты болса керек, жағымсыз әсер көпірлерге жақын маңда көбірек байқалады екен. Ал лондондықтардың ашуы  мен наразылығы көбінесе аялдамаларда байқалады. Зерттеушілердің айтуынша, бұл қоғамдық көліктің нашар жұмыс істейтінін көрсетеді.

Дереккөз: vokrugsveta.ru