Барлық медициналық мекемеге 2 млн 60 мың адам тіркелген
Биылғы 5 айда облыс халқына 15307002 клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетіліп, 307812 жедел жәрдем шақыртуы, 784 санавиация шақыртуы бойынша жұмыс жүргізілген. Одан бөлек, 5 миллионнан астам амбулаторлық көмек көрсетілген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгінде өңірдегі Денсаулық сақтау басқармасының ведомстволық бағынысты және жеке меншік медициналық ұйымдарының алдында 2024 жылға бірқатар міндеттер қойылған болатын. Осы ретте алға қойылған мақсат жұмыс көрсеткіштерін өткен жылмен салыстырғанда жақсарту және тіркелген халыққа сапалы медициналық көмек көрсетумен қамтамасыз ету. Одан бөлек, жыл қорытындысымен ішкі медициналық көрсеткіштерді жақсарту, медициналық қызмет сапасын арттыру, адами және материалдық ресурстар тиімді және қарапайым пайдалану бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі таңда Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым және 130 жекеменшік мекеме, оның ішінде 36 емхана кіреді. Барлық медициналық мекемеге 2 млн 60 мың адам тіркелген. Бүгінде медициналық ұйымдарда 35 714,75 қызметкер жұмыс істейді. Өткен жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 млн-ға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған. Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған.
Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған. Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Бүгінде өңірде материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылған. Сонымен қатар, кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынған.