Құнды кітаптың тұсаукесері өтті
Бүгін Алматы қаласында тарих ғылымдарының кандидаты, PHD доктор, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары, шығыстанушы, тарихшы және парсы тілінің маманы, Жомарт Жеңісұлының «Әмудария қазақтары / тарихи-этнографиялық зерттеу» атты кітабының тұсаукесері болып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аталған шараға Тарих ғылымдарының кандидаты Жанымхан Ошан, Абай ғылыми зерттеу институтының директоры Жабал Шойынбет, «Қазақстан мен Орталық Азия тарихын зерттеу институтының» Бас директоры Нұрат Ілияс зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кітапта автордың 2023-2024 жылдары Ауғанстанға жасаған ғылыми экспедициясының қортындылары, осы елді мекендейтін қазақтардың тарихы, мәдениеті, шаруашылығы мен қазіргі ахуалы туралы екендігін атап көрсетті.
Кітапта Qaz365.kz сайтымыздың ауған қазақтарының атамекеніне орала алмауы және көптеген проблемалық мәселелері жөнінде жан-жақты журналистік зерттеу жұмыстары да басылған.
«Еңбек атажұрттан тысқары жақта өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының тарихымен шұғылданатындарға, ұлт тарихына қызығушылық танытатындарға арналған», – дейді Жомарт Жеңісұлы.