«Сау баланың дүниеге келуі анаға ғана байланысты емес»
«Қамқорлық» оңалту орталығы Түркістан облысына қарасты елді мекендерден жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларды қабылдап, емдейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Орталықтың бөлім меңгерушісі, дәрігер невролог Лалахан Сайфуллаеваның сөзінше көбінесе орталыққа сал ауруы бар балалар мен ақыл ойы мен тілі кеш дамыған балалар емделеді. Сондай-ақ, «Қамқорлық» оңалту орталығы балалардың дертіне дауа, шипа беріп, қоғамда дені сау ұрпақтың қатары артуына себепші болып отыр.
«Баланың денінің сау болып туылуына ана да әке де жауапты. Қазіргі таңда балаларда кездесетін аурулардың алдын алу үшін ата-ана жауапкершілікті бірдей сезініуі тиіс. Сау баланың дүниеге келуі анаға ғана байланысты емес. Әкенің де үлесі бар. Бала жоспарлағанда бойларындағы зиянды әдеттерінен арылып, салауатты өмір салтын ұстануы керек. Ана жүкті болған күннен бастап зиянды әдеттерінен арылуы керек. Дәрігерге уақытылы тексеріліп, ағзасын қажетті витаминдерді уақтылы қабылдап отыруы керек. Сонымен қатар құрамында зиян заттар кездесетін, тез дайындалатын өнімдерден бас тартып, дұрыс тамақтануы тиіс. Ана денсаулығына асқан ұқыппен көңіл бөлсе дүниеге дені сау баланы алып келеді. Дені сау бала ұлт болашағы. Сау баланы өмірге әкелу ата ананың басты міндеті», – дейді дәрігер.
Айта кетсек, орталықта балалардың толықтай ем қабылдауы үшін Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Австрия, Италия, Қазақстан және Ресейден шыққан заманауи жоғары технологиялық құрылғыларымен жабдықталып, кешенді оңалтудан өтуге толықтай жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, сенсорлық бөлме, механотерапия, бальнеотерапия, интерактивті бөлме, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелері бар.