2023 жылы басталған 3 ФАП-тың құрылысы қарқынды
Атап айтқанда, елді мекендерде жаңадан 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт салынады. Нысандардың құрылысын биыл аяқтау көзделуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауапты сала басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және мердігер мекеме өкілдерімен бірге Ұлттық пилоттық жоба аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтады. Жұмыс барысын бақылап, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма міндеттеді.
«Бұл жоба – Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасына аса ден қою қажет. Ел игілігі үшін жұмысты абыроймен атқарыңыздар. Жұмыс белгіленген кестеге сай, мерзімінде орындалу керек. Жұмыс күшін көбейтіңіздер. Ауыл азаматтарын да жұмысқа тартыңыздар. Мәселе орын алса, дер кезінде хабар беріңіздер. Біз өз тарапымыздан көмек көрсетеміз», – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Жиында құрылыс компанияларының өкілдері жұмыс барысын баяндады.
2023 жылы басталған 3 ФАП-тың құрылысы қарқынды. Қазіргі уақытта республикалық және жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралып, 30 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, денсаулық нысандарының құрылыс сапасын бақылау үшін арнайы қоғамдық комиссия құрылып, тұрақты тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады.