Түркістан облысы аудандарында орталықтандырылған көп профильді ауруханалар құрылады

Qaz365.kz редакциясы

Заманауи емдеу орындарының ашылуы халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында онкология бойынша аурушаңдық жоғарылап, өлім керісінше төмендеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Сатыбалдының сөзінше, Түркістан облысында орналасқан ауылды жерлердегі орталықтандырылған аудандық ауруханалардың, бұрыннан келе жатқан көптеген мекемелердің тозығы жеткен. Қазіргі таңда күн тәртібіндегі осы көкейкесті мәселелерге де ерекше көңіл бөлініп отыр. 

«Негізгі мақсатымыз – төрт ауданда, Жетісай, Сайрам, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында ауданаралық көп профильді ауруханаларды бейімдеу арқылы құру. Неліктен бұл аудандарды таңдап отырмыз? Осы жөнінде түсінік бере кетейін. Жетісай – облыс орталығынан ең шалғай орналасқан аудан. Оған Шардара мен Мақтаарал аудандары жақын. Ал енді, көп профильді ауданаралық аурухана ашылған жағдайда, «КТ», «МРТ», «Ангиограф» сияқты күрделі медициналық тексерулерден өткізетін өте қымбат медициналық құрал-жабдықтар орнатылады. Яғни, осы аудандардың тұрғындары бұрынғыдай облыс орталығындағы немесе Шымкент қаласындағы емдеу орындарына ат артып, шаршамай, жақын жерден тексеруден өтетін мүмкіндік жасалады. Бергі жағында Сарыағаш ауданын таңдаған себебіміз, бір-біріне жақын орналасқан Келес, Абай, Қазығұрт аудандарын қамтитын болады. Ал, енді Сайрам ауданы Түлкібас, Ленгер аудандарына іргелес жатыр. Ортадағы Ордабасы ауданы Бәйдібек пен Арысты қамтиды. Бұл көп профильді ауданаралық аурухана болғаннан кейін екінші деңгейлі болады. Ол жерде инсульт орталықтары, перзентхана болады. Бұл заманауи емдеу орындарының ашылуы халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады», – дейді Бауыржан Сатыбалды.