Облыс көлемінде 274 бейінді дәрігерге тапшылық туындап отыр
Түркістан облысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын грант бөлінуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгінгі таңда, облыс көлемінде 274 бейінді дәрігерге тапшылық туындап отыр. Оның 100-ге жуығы құрылысы жүріп жатқан 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға қажет. Өткен жылы облыс аумағындағы ауылдық жерлер үшiн жекелеген мамандықтар бойынша медицина кадрларына деген сұранысқа ие әрі тапшы мамандықтағы 75 жас маманға 1,5 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланып, бүгінде 27 жас маманға әлеуметтік жәрдемақы берілген.
Қазіргі таңда Түркістан облысындағы тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында Түркістан облысының жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын грант бөлінуде. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60 грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда, 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіруде. Ал биылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлініп отыр. Осы қадам арқылы акушерлер, гинекологтар, аллергологтар, иммунологтар, анестезиологтар мен реаниматологтар, нейрохирургтар, балалар хирургтары, гастроэнтерологтар және өзге де мамандар даярланады.
Айта кетейік, 2024 жылы Түркістан облысында шетелде тағы 32 дәрігердің біліктілігін көтеру жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірге Израиль елінен білікті 2 оқытушы маманын шақырту арқылы 600 медицина қызметкерінің біліктілігін көтеру көзделген.