Жалпы демікпенің асқынуына жедел тыныс жетіспеушілігі жатады
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық ауруханасында Бронх демікпесі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осы ретте Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері З.Исаева емхана бөлімінде қаралуға келген және есепте тұратын науқастарға «Бронх демікпесі» жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Бронх демікпесі – созылмалы инфекциялық емес қабыну, тыныс алу жолдарының жиі кездесетін ауруы. Бронхтардың тарылуы тұншығу, жөтел және тыныс алудың қиындауына, ысқырықты сырылдарға, ентігуге, жөтелге әкеледі. Бронх демікпесі көп жағдайда ерте жаста болады. Дұрыс, уақтылы емдеу кезінде балалардың шамамен 50% - ы есейген сайын демікпеден арылады. Демікпе организмнің тітіркендіргіштерге жоғары сезімталдығынан туындайды, мысалы, тамақ аллергендері, теңіз өнімдері, жаңғақ, бал, цитрус жемістері, әртүрлі шаң, үй жануарларының жүні, ағаштар мен өсімдіктердің тозаңдары. Сондай-ақ, аурудың пайда болуы тұқым қуалайтын бейімділікке және қоршаған орта факторларына байланысты болуы мүмкін. Демікпе белгілері әр түрлі болуы мүмкін. Оның ішінде тыныс алудың аздап қиындауынан, ысқырықтан, жөтелден, ентігуге, кеуде қуысының қысылуына және тұншығуға дейін. Жөтел, ысқырықты тыныс немесе тыныс алу қиын болса, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз»,- дейді дәрігер.
Жалпы демікпенің асқынуына жедел тыныс жетіспеушілігі жатады, егер науқас дем ала алмаса және бұл бүкіл ағзаның оттегі ашығуына әкелуі мүмкін. Алдын алудың негізгі шараларының бірі-дәрігердің ұсыныстарын нақты орындау! Дұрыс тамақтану, аллергендік белсенділігі бар тағамдарды аз тұтыну, ұйқы мен демалу режимін сақтау, иммунитетті нығайту, темекі шегуден бас тарту қажет.